Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында Ресейдің осы түні Киевті және елдің басқа да аймақтарын нысанаға алған әуе шабуылдарына қатысты мәлімдеме жасады.
Ресей армиясының Киевке жасаған шабуылынан көпқабатты тұрғын үйлер мен балалар ауруханасы зақымданғанын еске салған Зеленский қаза тапқандар саны 12-ге жеткенін мәлімдеді.
Зеленский 40 адамның жараланғанын, сондай-ақ Киев облысындағы бір елді мекенде тағы бір адамның қаза тапқанын айтты.
Зеленский Ресей армиясының осы түні Украинаның басқа да аймақтарын нысанаға алғанын атап өтіп, «Жау Одесса облысында Молдова шекарасындағы бақылау-өткізу бекетіне ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасады, ал Чернигов облысында табиғи газ инфрақұрылымы нысанаға алынды», - деді.
Украина президенті әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандарға мұқтаж екенін айтып, сөзін былай жалғастырды:
«Мәскеу баллистикалық қаруға және шиеленісті күшейтуге инвестиция салып жатқанда әлем, өкінішке қарай, мұндай шабуылдарға әрдайым қажетті деңгейде жауап бере алмай отыр. Украинада жеткілікті зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері болмайынша, Ресей бейбітшілік туралы байыппен ойланбайды».
Украина Қарулы күштері Әуе күштері қолбасшылығының мәлімдемесінде Ресейдің осы түні елге жасаған шабуылдарында 168 қарулы ұшқышсыз ұшу аппараты мен 44 зымыран қолданғаны айтылды.
Мәлімдемеде 39 зымыран мен 145 ҰҰА-ның залалсыздандырылғаны атап өтілді.
Киевте ертең аза тұту күні жарияланды
Киев мэрі Виталий Кличко да әлеуметтік желідегі парақшасында Ресей армиясының шабуылдарынан Киевте 12 адамның қаза табуына байланысты 21 тамыз аза тұту күні болып жарияланғанын мәлімдеді.




















