FIFA мәліметінше, АҚШ, Канада және Мексикада өтетін турнирге қатысатын 48 құраманың 1248 ойыншысы анықталды.
Ұйымның хабарламасында «Бұл турнир — жаһандық ауқымдағы маңызды кезең және бұрын-соңды болмаған деңгейде көптеген елге, ойыншыға және жанкүйерге мүмкіндік береді», – делінген.
357 ойыншы әлем чемпионатына қайта оралады
Бұған дейін кемінде бір рет әлем чемпионатының құрамына енген 357 футболшы осы турнирге шақырылды. Ал 891 ойыншы әлем чемпионатында алғаш рет өнер көрсетеді.
Турнирдегі жасы ең үлкен ойыншы – шотландиялық қақпашы Крейг Гордон (43 жас 162 күн), ал ең жас қатысушы – мексикалық жартылай қорғаушы Хильберто Мора (17 жас 240 күн). Екеуінің жас айырмашылығы 25 жылдан асады.
Жарысқа 20 жасқа толмаған 22 ойыншы және 40 жастан асқан 7 футболшы қатысады.
Сонымен қатар бұған дейін әлем чемпионы атанған 22 футболшы да турнирге қайта оралады.
Кабо-Верде, Кюрасао, Иордания және Өзбекстан алғаш рет қатысады
Кабо-Верде, Кюрасао, Иордания және Өзбекстан FIFA Әлем чемпионатына тарихта алғаш рет қатысады.
Гана құрамасының португалиялық бас бапкері Карлуш Кейруш та ерекше жетістікке қол жеткізбек. Ол бұған дейін 2010 жылы Португалияны, ал 2014, 2018 және 2022 жылдары Иран құрамасын әлем чемпионаттарына бастап барған. Осылайша ол 1986–2002 жылдары бес турнирге қатарынан қатысқан Бора Милутиновичтен кейін мұндай көрсеткішке жеткен екінші бапкер атанады.
Месси, Роналду және Очоа алтыншы рет қатысады
Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси, Португалия жұлдызы Криштиану Роналду және Мексика құрамасының қақпашысы Гильермо Очоа FIFA Әлем чемпионатына алтыншы рет қатысуға дайындалуда.
FIFA Әлем чемпионатының регламентіне сәйкес, команда құрамындағы ойыншыны ауыр жарақат немесе сырқат жағдайында алғашқы матч басталғанға дейін 24 сағат бұрын ауыстыруға рұқсат етіледі.



















