Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін жариялаған Украинадағы қақтығысты тоқтату шарттары әлі де өзмегенін айтып, «Киевке тек жауапты шешім қабылдау қажет. Сонда қақтығыс өте қысқа мерзімде аяқталуы мүмкін», – деді.
Песков Мәскеуде журналистердің күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап берді.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің Бас штаб бастығын ауыстыруына қатысты пікір білдірген Песков бұл өзгеріс майдандағы жағдайға әсер етпейтінін айтты.
«Қарулы күштеріміз арнайы әскери операция аясында бүкіл майдан шебінде шабуыл әрекеттерін жалғастырып жатыр. Ал бұл ішкі толқуларға келсек, Киев режимінің іштен шайқалып жатқаны анық, мұны жай көзбен-ақ көруге болады», – деді Песков.

Песков Путиннің екі жыл бұрын қақтығысты тоқтатудың негізгі шарттарын жариялағанын еске салып, олардың әлі де өзгермегенін атап өтті.
«Бұл шарттардың барлығы әлі де күшінде. Бұл параметрлерді бүкіл әлем, соның ішінде Киев те жақсы біледі. Біз бірнеше рет айтқанымыздай, Киевке тек жауапты шешім қабылдау қажет. Сонда қақтығыс өте жылдам аяқталып, күрделі әрі маңызды келіссөздер басталуы мүмкін», – деді ол.
Песков сондай-ақ Еуропалық одақтың Ресейге қарсы 21-ші санкциялар пакеті бойынша келісімге келуде қиындықтарға тап болғаны туралы хабарларға пікір білдірді.
Песков санкциялардың осы уақытқа дейін жанама түрде Еуропаның өзіне, еуропалық салық төлеушілер мен кәсіпорындарға әсер етіп, миллиардтаған доллар көлемінде шығын келтіргенін айтты.
Сонымен қатар оның пікірінше, ендігі кезекте Еуроодаққа мүше бірқатар елдің ұлттық мүдделеріне тікелей әсер ететін санкциялар ғана қалған.























