Пәкістанда нөсер жаңбыр мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 37 адамға жетті.
19 шілдеден бері муссон маусымына байланысты Хайбер-Пахтунхва, Пенджаб және Гилгит-Балтистан өңірлерінде толассыз жауған жаңбыр су тасқыны мен жер көшкінін туғызуда.
Билік өкілдерінің мәліметінше, су тасқыны, найзағайдың түсуі және электр тогының соғуы сияқты оқиғалардан Хайбер-Пахтунхвада 20 адам, ал Пенджабта 17 адам қаза тапқан.
Сондай-ақ Гилгит-Балтистан мен Пәкістан бақылауындағы Азад Джамму және Кашмир аймағында су тасқыны мен жер көшкіні егістік алқаптары мен тұрғын үйлерге зиян келтірді.
Ал Үндістанның солтүстік-шығысындағы Ассам штатында су тасқынынан қаза тапқандар саны 41 адамға жетті.
Ассам штатының Табиғи апаттарды басқару басқармасы соңғы 24 сағат ішінде су тасқынынан тағы 10 адамның қаза тапқанын хабарлады.
Осылайша, штаттағы су тасқынынан көз жұмғандар саны 41-ге жетті. Сонымен қатар Ассамның 25 ауданында жалпы 727 мың адам табиғи апаттан зардап шекті.
Ассам штатының бас министрі Химанта Бисва Сарма 100-ден астам адамның із-түзсіз жоғалғанын айтып, қаза тапқандар санының әлі де артуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Өңірде жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстарына Үндістан армиясы қолдау көрсетуде.






















