Аймақтағы қақтығыс шиеленіскен тұста Америка Құрама Штаттары Иранның әскери нысандарына қарсы жаңа шабуылдар легін бастады.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәлімдемесінде: «Бүгін АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша сағат 17:30-да америкалық күштер Жоғарғы бас қолбасшының нұсқауымен Иранның әскери нысандарына шабуылдады», – делінген.
«Операция Иранның бейбіт теңізшілерге және аймақтағы су айдыны арқылы өтетін сауда кемелеріне қауіп төндіру мүмкіндігін одан әрі әлсіретуге бағытталады», – деп жазды АҚШ Орталық қолбасшылығы «X» әлеуметтік желісінде.
Сондай-ақ Кувейттің әуе қорғаныс күштері Ираннан ұшырылған дрондардың шабуылына тойтарыс беру үшін әрекетке кірісті.
Елдің Қарулы күштері Бас штабының хабарлауынша, естілген жарылыс дыбыстары дрондардың әуеде жойылуына байланысты болған.
«Барша азаматтарды өкілетті органдардың қауіпсіздік жөніндегі нұсқауларын сақтауға шақырамыз», – делінген әскери мәлімдемеде.
АҚШ пен Израиль ақпан айының соңында Иранға бірлескен шабуыл бастағаннан бері аймақтағы шиеленіс күшейе түсті.
Өткен айда АҚШ пен Иран Пәкістанның араағайындығымен қақтығысты тоқтатуға және тұрақты бейбіт келісімге қол жеткізуге бағытталған келісімге қол қойған еді. Алайда өткен апта Ормуз бұғазына байланысты жағдай қайта ушығып, екі тарап бір-бірінің шабуылдарына қарымта соққылармен жауап берді.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің дерегінше, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл бастағаннан бері 18 америкалық әскери қаза тауып, 447-сі жараланған.






















