Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыста алға қойған мақсаттарына қол жеткізетінін және жеңіске жету үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.
Владимир Путин қыркүйекте өтетін сайлау қарсаңында Ресей парламентінің төменгі палатасы – Мемлекеттік думаның сессиясының аяқталуына байланысты Кремль сарайында депутаттарға сөз сөйледі.
Путиннің айтуынша, Украинадағы соғысқа қарамастан, соңғы төрт жылда Ресей экономикасы көлемі жағынан Қытай, АҚШ және Үндістаннан кейін әлемде төртінші, ал Еуропада бірінші орынға шыққан. Ол сондай-ақ экономикалық өсім қарқыны бойынша Ресейдің Еуропалық одақтан озық екенін айтты.
Путин майданда «батыл әрекет етудің» өзіндік тәуекелі бар екенін және оның құны Ресейдің әскери шығындары екенін атап өтті.
«Сондықтан біз алдағы уақытта да әрекет етеміз. Ел алдына қойылған мақсаттарға сақтықпен, табандылықпен және дәйектілікпен ұмтыламыз әрі оларға міндетті түрде жетеміз», – деді Ресей басшысы.

Путин қазіргі кезеңнің Ресей үшін қиын әрі ел тағдырын айқындайтын уақыт екенін айтып, мұны депутаттар, үкімет мүшелері мен өңір басшылары ғана емес, әрбір Ресей азаматы да түсінетінін жеткізді.
«Біз үлкен күрес кезеңін бастан өткеріп жатырмыз», – деді ол.
Путиннің пікірінше, Ресей 2014 жылға дейін де, одан кейін де қысымға ұшырап келеді. Оның айтуынша, «алайда Батыс 2022 жылдан бері Ресейге қарсы саясатты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді».
Ол Еуропаның санкциялары нәтижесіз болғанын айтып, бұл шектеулердің салдарын ең алдымен Еуропа мен басқа елдердің тұрғындары тартып отырғанын мәлімдеді.
Путиннің сөзінше, күрес пен қатаң бәсекелестік жағдайында жаңа әлемдік тәртіптің сипаты қалыптасып келеді. Ол Ресей халқының тағдырына қауіп төніп тұрғанын айтып, «бұл әсірелеу емес, шындық» екенін жеткізді.
Ресей президенті Ресей халқы сыртқы қысым мен тарихи сынақтарға әрдайым бірлікпен жауап бергенін атап өтті.
«Бұл әрқашан солай болған және бүгін де дәл сол жағдай қайталанып отыр», – деді ол.
Путин Украинадағы «арнайы әскери операцияға» қатысып жүрген әскери қызметкерлердің Ресей үшін ерлікпен шайқасып жатқанын, оларды бүкіл халық қолдайтынын айтып,
«Біз мақсаттарымызға жетеміз және бәріміз бірге жеңіс үшін, Ресей үшін бар күшімізді саламыз», – деді.























