АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) Ормуз бұғазы маңындағы әуе шабуылдарының тиімділігі шегіне жеткені және «нысаналардың басым бөлігі жойылғандықтан» операцияны тоқтатуды ұсынғаны туралы мәлімет тарады.
“Axios” басылымына сұхбат берген екі дереккөздің мәліметінше, CENTCOM қолбасшысы, адмирал Брэд Купер АҚШ президенті Дональд Трампқа Ормуз бұғазы маңындағы бомбалау операцияларын жалғастырудың қажеті жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ бұл ұсыныс Трамптың жұма күні Иранға қарсы шабуылдарды тоқтату туралы шешіміне ықпал еткені айтылды.
Дереккөздердің мәліметінше, Купер Тегеранның сауда кемелеріне шабуыл жасау мүмкіндігін «айтарлықтай әлсіреткен» операциялардың ауқымды әскери қақтығысқа ұласпаған жағдайда бұдан әрі стратегиялық мақсатқа қызмет етпейтінін жеткізген.
Хабарда шабуылдарды тоқтату жөніндегі ұсыныстың Трампқа әскери және азаматтық кеңесшілері тарапынан берілгені, сондай-ақ бұдан былай әсіресе әуе шабуылдары арқылы қол жеткізуге болатын қосымша әскери мақсаттардың қалмағаны атап өтілгені айтылды.
Трамп шамамен екі апта бойы АҚШ әскери күштері ұсынған шабуыл жоспарларын күн сайын бекітіп отырған. Бұл операциялар Таяу Шығыс уақыты бойынша түн ортасы шамасында жүзеге асырылған.
Алайда президенттің жұма күні шабуылдарды тоқтату туралы тапсырмасы бұған дейін 13 күн қатарынан жүргізілген операцияларға қанша уақытқа үзіліс жасалғанын нақты көрсетпейді.
Жұма күні кешке Вашингтонда өткен Ақ Үй тілшілері қауымдастығының кешкі асында сөйлеген сөзінде Трамп Иранның әзірге келісім жасауға дайын емес екенін жеткізген болатын.
Трамптың Иранға қарсы жаңа шабуылға рұқсат бермеуі Оман делегациясының Ормуз бұғазын қайта ашу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізу үшін кеше Тегеранға келуімен тұспа-тұс келді.
Сонымен қатар АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Майк Уолтц президент Дональд Трамптың Иранға қарсы шабуылдарға екі күндік үзіліс жариялау арқылы дипломатиялық келіссөздерге мүмкіндік бергенін айтты. Оның айтуынша, «барлық нұсқалар қарастырылып отыр».
























