Түркияның волейболдан әйелдер құрамасы 2026 жылғы «FIVB» Волейбол ұлттар лигасының финалында Бразилияны 3:1 есебімен жеңіп, турнирде екінші рет чемпион атанды.
Финалдық кездесу жексенбі күні Қытайдың Макао ауданындағы Шығыс Азия ойындары спорт сарайында өтті. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бразилия құрамасымен кездескен Түркия командасы 3:1 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық кубокты иеленді.
Ай-жұлдызды құрама Ұлттар лигасындағы алғашқы чемпиондығын 2023 жылы жеңіп алған болатын. Команда осы жылы да турнирдегі екінші алтын медаліне қол жеткізді.
Түркия құрамасы 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнирдің финалына қатарынан сегізінші рет қатысты. Команда жүлделерінің санын екі алтын, бір күміс және бір қола медальға жеткізіп, жарыс тарихындағы ең табысты құрамалардың бірі болды.
Сантареллимен бірге жеңісті жол жалғасуда
2023 жылы қызметіне кіріскен италиялық бас бапкер Даниэле Сантарелли Түркия құрамасымен бірге үшінші алтын медалін жеңіп алды.
Сантарелли жетекшілік еткен ұлттық құрама 2023 жылғы Еуропа чемпионатында, 2023 және 2026 жылдардағы Ұлттар лигасында чемпион атанды. Сондай-ақ команда 2025 жылғы «FIVB» әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді.
Түркия құрамасы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қола медаль үшін өткен матчта Бразилиядан жеңілген еді. Екі жылдан кейін Ұлттар лигасының финалында осы қарсыласын жеңіп, есе қайтарды.
Ал Бразилия турнир тарихында бесінші рет финалда жеңіліске ұшырады. Оңтүстік Америка құрамасы бұған дейін 2018, 2019 және 2021 жылдардағы финалдарда АҚШ-тан, ал 2025 жылғы финалда Италиядан жеңілген болатын.























