Түркия Ұлттық қорғаныс министрлігінің мәліметінше, түрік ұшқыштары мен техник мамандарының алғашқы тобы тамыз айында Ұлыбританияға барып, «Eurofighter Typhoon» жойғыш ұшақтарын басқару және техникалық қызмет көрсету бойынша дайындықтан өтеді.
Бұл дайындық Анкара мен Лондон арасында қол қойылған, аталған ұшақтарды Түркия Әуе күштерінің құрамына енгізуді жеделдетуге бағытталған логистикалық және техникалық келісімнен кейін жүзеге асырылуда.
Түркия 2025 жылдың қазан айында құны 8 миллиард фунт стерлинг тұратын 20 «Eurofighter» ұшағын сатып алу үшін келісімге қол қойды. Келісім президент Режеп Тайып Ердоған мен Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Кир Стармердің Анкарадағы кездесуі кезінде жасалған болатын.
Қорғаныс министрлігінің өкілі Зеки Актүрік бейсенбі күнгі апталық брифингте келісім аясында ұшқыштар мен техникалық қызмет көрсету мамандарының жыл сайын Ұлыбританияға барып тұратынын айтты.
Бұған дейін «Airbus Defence and Space» компаниясының бас директоры Михаэль Шёлльхорн «Eurofighter» келісімі өндіріс көлемін арттыруға, жаңа технологиялар негізінде жетілдірілген үлгілер әзірлеуге және Түркиямен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беретінін мәлімдеген еді.
Екі ел қорғаныс және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ауқымды келісімге де қол қойды.
Қазіргі уақытта «Eurofighter Typhoon» ұшақтарын Ұлыбритания, Германия, Италия, Испания және Австрия сондай-ақ Сауд Арабиясы, Оман, Кувейт және Катар пайдаланады.























