Әзербайжанның астанасы Бакудің Кавказ Ислам армиясы деп аталатын Осман империясы армиясы тарапынан армян және большевик қарулы топтарынан азат етілгеніне 108 жыл толды.
Әзербайжан халқы осыдан 108 жыл бұрын Анадолыдан бауырларына көмекке ұмтылған түрік әскерлері мен олардың қолбасшысы Нури пашаны (Киллигиль) бүгін де зор құрметпен, әрі алғыспен еске алуда.
1918 жылғы 28 мамырда өз тәуелсіздігін жариялаған Әзербайжан алғашқы келісіміне Осман империясымен қол қойды. Грузияның астанасы Тбилисиде 1918 жылғы 4 маусымда қол қойылған келісім Әзербайжан мен Осман империясы арасында саяси, құқықтық, сауда және әскери салаларда достық қарым-қатынастар орнатуды көздеді.
Әзербайжан аталған келісімнің 4-бабына сәйкес, ағылшын күштері мен армян және большевик қарулы топтарының басқыншылығына қарсы Осман үкіметінен көмек сұрады. Бұл өтінішті Осман үкіметі оң қабылдап, Әскери министр Энвер паша інісі Нури пашаға әскер жасақтап, Әзербайжанға көмекке баруды тапсырды.
Нури паша Палестина майданынан әкелінген 106-шы және 107-ші жаяу әскер полктері мен 56-шы артиллериялық полктің қатысуымен Кавказ Ислам армиясы деп аталатын әскерді жасақтап, Әзербайжанға аттанды.
Кавказ Ислам армиясындағы сарбаздар саны Әзербайжан корпусынан қосылған 1000 адамдық толықтырумен 12 мыңға жетті. Армия өз бағытындағы Гейчай, Салян, Агсу және Кюрдамирді жау күштерінен тазартқаннан кейін 1918 жылғы 15 қыркүйекте 30 сағатқа созылған шиеленісті ұрыстардан соң Бакуді азат етті.
Осман сарбаздарын Баку тұрғындары зор қуанышпен қарсы алып, қалада әскери шеру ұйымдастырылды.
Бакуді азат ету жолындағы күресте Кавказ Ислам армиясынан 1130 сабаз шейіт болды. Әзербайжанның Баку, Шеки, Шамахи, Гейчай, Кюрдамир, Нефтчала, Гаджикабул және Губа аймақтарында Кавказ Ислам армиясы шейіттерінің зираттары орналасқан.






















