Пхеньян дүйсенбі күні “Binance” криптовалюта платформасынан 6 миллиард доллар ұрлаудың артында Солтүстік Корея тұрғаны туралы АҚШ Федералдық тергеу бюросының (FBI) айыптауларын үзілді-кесілді жоққа шығарды. Сол күні ел өзінің қару-жарақ әлеуетін тағы бір мәрте көрсету мақсатында стратегиялық қанатты зымырандарды сынақтан өткізді.
Зымыран сынағы Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжон FBI айыптауларын «елеулі саяси арандатушылық» деп атап, жоққа шығарғаннан кейін өтті.
FBI сенбі күні жасаған мәлімдемесінде аталған кибершабуылдың артында Солтүстік Кореямен байланысы бар «TraderTraitor» хакерлік тобы тұрғанын хабарлады.

“Parley Policy Institute” институтының негізін қалаушы директоры, БҰҰ қолбасшылығының бұрынғы қызметкері Майкл Босак “AFP” агенттігіне берген сұхбатында бұл оқиға тарихтағы ең ірі криптовалюта ұрлығы болуы мүмкін екенін атап өтіп, ұрланған қаржы көлемі «Солтүстік Кореяның болжамды жылдық жалпы ішкі өнімінің төрттен біріне жуық» екенін айтты.
Ким Ё Чжон АҚШ-тың бұған дейін Пхеньянды өткен жылы “Bybit” криптовалюта биржасына жасалған ауқымды кибершабуылға қатысы бар деп айыптағанын еске салып, FBI-дың қазіргі айыптауын «қисынсыз әрі еш жаңалығы жоқ мәлімдеме» деп атады.
Босактың айтуынша, Солтүстік Корея «бұл оқиғаға халықаралық қоғамдастықтың ерекше назар аударуына» байланысты жауап беру қажеттігін сезінген болуы мүмкін.
Босак бұл айыптауларды жоққа шығарудағы мақсат Солтүстік Кореяның криптовалютаны жылыстату және пайдалану мүмкіндігін беретін арналарды ашық ұстау екенін де айтты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылғы баяндамасында Солтүстік Корея жасаған кибершабуылдардан түскен табыстың «елдің жаппай қырып-жою қаруын әзірлеу жұмыстарын қаржыландыруға көмектескені» атап өтілді.





















