Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трампты 3 қарашада өтетін аралық сайлаудан кейін Иранға қайта шабуыл жасауға шақырды.
Америкалық «Axios» ақпараттық порталы Трамп пен Нетаньяхудың кеше телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді.
Телефон әңгімесі барысында АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің барысы және екі ел арасында әскери қақтығыстың қайта басталу ықтималдығы талқыланды.
Дереккөздердің мәліметінше, Нетаньяху Трампты 3 қарашадағы аралық сайлаудан кейін бірден Иранға жаңа шабуыл жасауға шақырған.
Ақ Үй мен Израиль премьер-министрінің кеңсесі бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.
Трамп жаңа әскери операциялар жүргізілуі мүмкін екенін меңзеді
Флорида штатында журналистерге сұхбат берген Трамп АҚШ-тың әскери операциялары Иранның қарулы күштері мен ядролық инфрақұрылымын айтарлықтай әлсіреткенін мәлімдеді.
«Біз әлі де назар аударуымыз қажет бір немесе екі нысан бар. Бірақ оларды 10 минуттың ішінде жоя аламыз. Бізде мұндай жоспар бар», – деді Трамп.
Алайда АҚШ президенті осы апта Иранға қарсы әскери операциялардың қайта басталу мүмкіндігі туралы сұраққа нақты жауап бермеді.






















