Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Қырғызстанның халықаралық аренадағы дипломатиялық жетістіктері мен Түркияның бұл табыстарға қосқан үлесі екі бауырлас ел арасындағы ынтымақтастықтың ең айқын үлгілерінің бірі екенін мәлімдеді.
Бас қала Анкарада Хакан Фидан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевтың тең төрағалығымен өткен Түркия-Қырғызстан Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 7-ші отырысынан кейін ортақ баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.
Қырғызстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінің 2027–2028 жылдардағы уақытша мүшелігіне сайлануымен құттықтаған Фидан бұл оқиғаны Қырғызстан үшін тарихи жетістік, әрі жеңіс деп атады.
Фидан екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында 2027–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылғанын хабарлап, «Арамыздағы ықпалдастық бұдан да жоспарлы, бағдарламалы және құрылымдық сипатта өрбуі тиіс. Біз бұл мәселені әр деңгейде күн тәртібіне қойып келеміз», — деген баға берді.
Президент Режеп Тайып Ердоған мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың екі ел арасындағы сауда айналымының мақсатын 5 миллиард доллар деп белгілегенін еске салған Фидан бұл межеге жету үшін жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.
Хакан Фидан Қырғызстанда 350 түрік компаниясы бар екеніне және олардың саны үздіксіз артып келе жатқанына назар аударды.
Отырыста өзара байланыс, қаржыландыру және инвестиция мәселелерінің де талқыланғанын тілге тиек еткен Фидан: «Соңғы Иран оқиғасында да көргеніміздей, өзара байланыс, жүк тасымалы, материалдар мен өнімдерді жеткізу шынымен де стратегиялық маңызға ие мәселе болып табылады. Көлік дәліздері мен байланыс жолдарының маңызы күн санап артып келеді», — деді.
Түркия мен Қырғызстанның барлық мәселеде бір позицияда тұрғанын білдірген Фидан бұл бауырластықтың талабы екенін атап өтті.
Сыртқы істер министрі бұл отырыстың алдағы уақытта өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық кеңес жиынының негізін қалағанын да баса айтты.





















