Әзербайжан Израиль үкіметінің «Армян геноцидін» тану туралы шешімін сынға алып, бұл қадамды қайта қарауға шақырды.
Дүйсенбі күні жарияланған Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде 1915 жылғы оқиғаларға қатысты тарихи шындықты бұрмалайтын бұл шешімге байланысты «елеулі алаңдаушылық» білдірілді.
Мәлімдемеде:
«1915 жылғы оқиғаларға қатысты тарихи шындықты бұрмалау және күрделі тарихи үдерістерді құқықтық әрі ғылыми негіздерден алшақ саяси шешімдердің нысанына айналдыруға болмайды», – делінген.
Министрлік мұндай шешімдердің татуласуға немесе өзара түсіністікке ықпал етпейтінін, керісінше, бар алауыздықты тереңдетіп, өңірде орнықты бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерге кедергі келтіретінін атап өтті.
Израиль үкіметін өз шешімін қайта қарауға шақырған мәлімдемеде Бакудің тарихи шындықты қорғауды, халықаралық құқықты құрметтеуді және Оңтүстік Кавказда тұрақты бейбітшілікті орнықтыруға бағытталған күш-жігерді қолдауды жалғастыратыны айтылды.
Мәлімдемеде: «Әзербайжан тарихи шындықты қорғау, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтеу және өңірде тұрақты бейбітшілікті ілгерілету бағытындағы өзінің дәйекті ұстанымын жалғастыра береді», – деп көрсетілген.













