Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде: «Израиль үкіметінің басқыншылық әрекеттерінің тоқтауы – тек палестиналықтардың бейбіт өмірге қол жеткізуі ғана емес, сонымен қатар әлемдік бейбітшіліктің кепілі», – деді
Стамбулда өткен НАТО Парламенттік саммитінің ашылуында сөз сөйлеген Куртулмуш Таяу Шығыста бейбітшілік орнамайынша, әлемде де бейбітшілік болмайтынын, ал палестиналықтар азат болмайынша, өңірде тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті.
Мәжіліс төрағасы астанасы Шығыс Иерусалим болатын, егемен Палестина мемлекетінің құрылуын қолдайтынын мәлімдеп: «Екі мемлекет қағидатына негізделген шешімнен басқа балама шешім жоқ екенін бүкіл әлем түсініп, оны жүзеге асыруы тиіс», – деді.
Куртулмуш сондай-ақ НАТО-ға мүше елдер мен халықаралық қауымдастықты аймақтағы бейбітшілік бастамаларын қолдауға шақырды. Ол Иран мен АҚШ арасындағы жуырда жасалған өзара келісімге тоқталып: «Швейцарияда басталған келіссөздер нәтижелі аяқталып, Америка Құрама Штаттары мен Иран арасында тек уақытша бітім емес, тұрақты әрі әділ бейбітшілік орнайды деп үміттенеміз», – деді. Сонымен қатар Куртулмуш Анкараның бұған дейінгі бітімгерлік бастамаларына, соның ішінде Қаратеңіз астық бастамасының жүзеге асуына ықпал еткеніне және Украина мен Ресей арасында бірнеше мәрте тұтқын алмасу үдерісін ұйымдастыруға атсалысқанына назар аударды.
Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы сөз еткен Мәжіліс төрағасы Түркияның қорғаныс өнеркәсібінде елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін және өз мүмкіндіктерін одақтастарымен бөлісуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ ол Түркияның жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын қорғаныс шығындарына бөлу жөніндегі міндеттемесін тағы да растады. Бұған қоса, кейбір одақтас елдердің Түркияға қорғаныс өнеркәсібі саласында енгізген эмбарголарын «біржақты, орынсыз әрі одақтастық рухына қайшы» деп сынға алды.
Куртулмуш әлем мен НАТО тарихи бетбұрыс кезеңінде тұрғанын айтып, жаңа және әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыру жолында халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды.





















