Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған 7-8 шілдеде Анкарада өтетін НАТО саммитінің «тәжірибе алмасу үшін ең қуатты тұғыр» болатынын мәлімдеді.
Дүйсенбі күні Стамбулда НАТО парламент төрағаларының құрметіне берілген ресми түскі аста сөйлеген сөзінде Ердоған Анкараның өз одақтастарымен «өңірлік дағдарыстарды басқарудағы ерекше қабілетін» де, альянс ішіндегі терең тәжірибесін де бөлісіп отырғанын атап өтті.
Президент Режеп Тайып Ердоған НАТО Парламенттік саммитінде жасаған баяндамасында құлықтар мен мәдениеттердің тоғысқан жері Стамбулда қатысушылармен бас қосқанына өте қуанышты екенін жеткізді.
НАТО Парламенттік саммитінің нәтижелі өтуіне тілектестік білдірген президент Ердоған саммитке үлес қосатын барша қатысушыға алғыс айтты.
Бұл маңызды жиынның 7-8 шілдеде Анкарада ұйымдастырылатын НАТО Мемлекет және үкімет басшыларының саммиті қарсаңында ерекше мәнге ие екеніне сенетінін білдірген Президент Ердоған: «Одақтас елдердің парламенттері арасындағы ынтымақтастық пен серіктестіктің айқын үлгісі ретінде бұл саммиттің ұйымдастырылуына еңбек сіңірген жандарды құттықтаймын және жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», — деді.
Президент Ердоған: «Еуропа-Атлантикалық қауіпсіздік тарихи кезеңді бастан өткеруде. Альянсымыздың, әсіресе шығыс және оңтүстік-шығыс шекараларында болып жатқан соғыс, дағдарыс, терроризм және заңсыз көші-қон сияқты қатерлер қауіпсіздік түсінігімізді қайта қалыптастыруды талап етеді. Ескі қалыптар мен бұрынғы болжамдар бір-бірлеп қирап жатқанда, олардың орнын не басатыны, ненің алмастыратыны әлі белгісіз. Тұрақтылықтың орнына шиеленіс, тәртіптің орнына аласапыран артқан, болжамдылық азайып, таңертең не күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайтын белгісіздік кезеңінің қақ ортасындамыз», — деген баға берді.
Қазіргі геосаяси теңдеу НАТО-ның атқаратын рөлінің маңызын арттырғанын баса айтқан президент Ердоған: «Түркия ретінде біз жаңа дәуірдің тынысын ең жақсы түсінген елдердің біріміз. Дағдарыс аймақтарымен 1800 шақырымнан асатын құрлықтық шекарасы бар Түркия өзінің қуатты армиясымен, заманауи әскери әлеуетімен және дамыған қорғаныс өнеркәсібімен 70 жылдан астам уақыт бойы НАТО-ның қауіпсіздігіне үлес қосып келе жатқан жетекші одақтастардың қатарында. НАТО миссияларында белсенді қызмет атқарып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауды қолдаймыз. Өңірлік дағдарыстарды басқарудағы ерекше шеберлігімізді де, НАТО құрамындағы мол тәжірибемізді де одақтастарымызбен бөлісудеміз. Анкара саммиті тәжірибе алмасудың ең қуатты тұғырына айналады», — деген көзқарасын білдірді.
Президент Ердоған тек қана одақтастар арасында емес, сонымен бірге бүкіл әлемде де Анкара саммитіне деген жоғары қызығушылықтың бар екенін байқағандарын айтып, сөзін былай сабақтады:
«Парламент мүшелері ретінде сіздер ең негізгі адам құқығы болып табылатын өмір сүру құқығын кепілдендіру сияқты өте маңызды жауапкершілікті арқалап отырсыздар. Халқымыздың бізден күтетіні — келесі ұрпақтың тыныштық, бақ-береке және бейбітшілікте өмір сүруін қамтамасыз ететін жағдайлар жасау. Саммиттен негізгі күтетініміз — одақтастардың ұлттық қауіпсіздік сезімталдықтарын ескеретін, альянс ынтымақтастығы мен бірлік рухын нығайтатын нәтижелерге қол жеткізу».





















