Сомали премьер-министрлігінің Қоғаммен байланыс басқармасы директорының орынбасары Насра Башир Али шерулерден түсірілген кадрларды өзінің ресми «Facebook» парақшасында жариялады.
Али жазбасында: «Түркияның елімізге көрсеткен қолдауына алғыс білдіру үшін түрлі жерлерде шерулер өтіп жатыр. Рақмет, Түркия», – деп жазды.
Жарияланған кадрларда қатысушылардың трибуналарды толтырып, Түркия мен Сомали туларын ұстап тұрғаны көрінеді.
Шеруге қатысушылар Түркия туын желбіретіп, Сомалиге көрсеткен қолдауы үшін Түркияға алғыс білдірді.
Бұл іс-шара Түркия президенті аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы 10 қыркүйекте Могадишода екі ел арасындағы тарихи байланыстар, стратегиялық серіктестік және екіжақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланған панельден кейін ұйымдастырылды.
Сомали президенті Хасан Шейх Махмуд жұма күні Түркиядағы оқу-жаттығуын аяқтап, елге оралған «Горгор» бөлімшелеріне арналған салтанатты іс-шарада Түркияның қолдауын жоғары бағалады.
Махмуд: «Бізді қолдап, жанымыздан табылған түрік халқы мен Түркия мемлекетін жерге қаратпауымыз керек. Түріктер бізден ешқандай қызмет немесе басқа нәрсе талап еткен жоқ. Олар бізді оқытты, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Олардың жалғыз қалауы – біздің табысқа жетіп, өз елімізге қызмет етуіміз», – деді.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның 2011 жылы Могадишоға жасаған сапарынан кейін Анкара Сомалиге гуманитарлық көмек көрсетіп, инфрақұрылымға инвестиция салып, елдің қауіпсіздік күштерін даярлау арқылы бұл елдегі ықпалын күшейтті.
Содан бері екі ел энергетикалық барлау, балық шаруашылығы және теңіз қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастығын да кеңейтті.



























