Украина Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рүстем Умеров Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) астанасы Әбу-Дабиде АҚШ пен Еуропа өкілдерінің қатысуымен Украина мәселесіне қатысты келіссөз басталғанын хабарлады.
Рүстем Умеров әлеуметтік желідегі парақшасында 2022 жылдың ақпанынан бері жалғасып келе жатқан Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі жұмыстар аясында Әбу-Дабиде Украина мәселесіне қатысты келіссөздердің басталғанын мәлімдеді.
Бүгін Әбу-Дабиде АҚШ, Ресей және Украина өкілдерінің қатысуымен үшжақты келіссөз өтетінін еске салған Умеров былай деді:
«Алғашқы кездесу Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, НАТО және Еуропалық комиссия өкілдерінің қатысуымен өтеді. Кездесуге АҚШ-тың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер де қатысады. Келіссөздердің келесі кезеңіне өтпес бұрын ұстанымдарымызды салыстырып, іс-қимылдарымызды үйлестіреміз. Одан кейін Украина, АҚШ және Ресейдің қатысуымен үшжақты форматтағы келіссөздер өтеді».
Умеров өз хабарламасында: «Біздің басымдықтарымыздың қатарында қақтығыстарды тоқтату, соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету, Украинаның экономикасын қалпына келтіру және дамыту, сондай-ақ гуманитарлық шаралар бар», – деді.





















