Түркияның әуе, құрлық және теңіз әскери техникасын дамытуға бағытталған инвестициялары өз нәтижесін беруде. Елде өндірілген отандық әскери техника, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің экспорты артып, қорғаныс және авиация өнеркәсібінің жалпы экспорттағы үлесі ұлғайып келеді.
Әлемнің түрлі аймақтарындағы қауіпсіздік мәселелері, әсіресе Ресей мен Украина арасындағы соғыс әскери техникаға деген сұранысты арттырды. Мемлекеттерге ірі құрлық, теңіз және әуе әскери техникасынан бастап, «FPV» ұшқышсыз ұшу аппараттарына дейін әртүрлі қорғаныс құралдары қажет. Түркия өзінің өндірістік және технологиялық мүмкіндіктері арқылы дос әрі одақтас елдерді қажетті әскери техникамен қамтамасыз етіп келеді.
Түркия экспорттаушылар ассамблеясының мәліметіне сәйкес, 2020 жылы елдің қорғаныс және авиация өнеркәсібінің экспорттық табысы 2 миллиард 279 миллион долларды құраған.
2021 жылы бұл көрсеткіш 3 миллиард 225 миллион долларға дейін өсті. Кейінгі жылдары да экспорт көлемі тұрақты түрде артты. Атап айтқанда, 2022 жылы 4 миллиард 396 миллион долларға, 2023 жылы 5 миллиард 546 миллион долларға, ал 2024 жылы 6 миллиард 735 миллион долларға жетті.
2025 жылы экспорттық табыс 10 миллиард 16 миллион долларды құрап, алғаш рет 10 миллиард доллардан асты.
Осылайша Түркияның қорғаныс және авиация өнеркәсібінің экспорты 2020–2025 жылдар аралығында үздіксіз өсті. Бес жыл ішінде экспорт көлемі 4,4 есе артты. Бұл саланың елдің жалпы экспортындағы үлесі де ұлғайды. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 1,5 пайыз болса, 2025 жылы 4,2 пайыз болды.
2025 жылдың желтоқсанында экспорттық табыс 2 миллиард 571 миллион долларды құрап, ең жоғары айлық көрсеткіш тіркелді.
Қорғаныс және авиация өнеркәсібі экспортының тұрақты өсімі 2026 жылы да жалғасуы мүмкін.
Қорғаныс және авиация саласындағы компаниялардың 2026 жылы жасасқан ұзақ мерзімді ірі экспорттық келісімшарттары алдағы жылдары экспорт көлемінің одан әрі өсетініне негіз болып отыр.





















