Жұма күні АҚШ-та әуе қозғалысын басқару жүйесінде болған ақаудың салдары әлі де сезілуде. Ел аумағында ұшақтардың ұшуын уақытша тоқтатуға себеп болған техникалық ақау салдарынан демалыс күндері әуежайларда жолаушылар көбейіп, мыңдаған рейс кешіктірілді немесе тоқтатылды.
Ұшақ рейстерін бақылайтын «FlightAware» платформасының мәліметінше, жексенбі күні 8800-ден астам рейс кешігіп, 2400 рейс тоқтатылған. Ал сенбі күні 5900-ден астам рейс тоқтатылып, 7000-нан астам рейс кешіккен болатын.
АҚШ-тың көлік министрі Шон Даффи ұшақтар мен экипаждардың әртүрлі әуежайларда қалып қоюына байланысты әуе қатынасын қалыпты жағдайға келтіру үшін уақыт қажет екенін айтты. Оның сөзінше, жүйедегі іркілістер дүйсенбіге дейін жалғасуы мүмкін.
Алдын ала мәліметтер бойынша, ақау Арканзас штатының Эль-Дорадо қаласында орнатылған компьютерлік желі құрылғысынан туындаған болуы мүмкін. Бұл құрылғы мыс кабельдерді талшықты-оптикалық желімен алмастыру жұмыстары аясында іске қосылған.
Желіге қате сигналдар жіберген құрылғы бүкіл жүйенің жұмысына әсер еткен. Осыған байланысты жұма күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15:54-те барлық ұшақтың АҚШ әуежайларынан ұшып шығуын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданған.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңғырту үшін Конгресті қосымша қаржы бөлуге шақырды. Сарапшылар ондаған жыл бойы жеткілікті қаржы бөлінбеген АҚШ-тың әуе қозғалысы инфрақұрылымын түбегейлі жаңарту қажет екенін атап өтті.



















