Түркияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Елші Ахмет Йылдыз «Таяу Шығыстағы жағдай» тақырыбы аясында Сириядағы оқиғаларды талқылау үшін жиналған Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйледі.
«Жылдарға созылған аяусыз қақтығыстардан кейін 24 желтоқсаннан бері Сирия халқының көрсеткен төзімділігі болашаққа үміт береді», — деген Йылдыз Сирия бетпе-бет келіп отырған қиындықтарының ауқымдылығына қарамастан дұрыс бағытта ілгерілеуін жалғастырып жатқанын атап өтті.
Йылдыз елдің қалыпқа келу процесі бағытында басылған қадамдардың кейбіріне мысал ретінде Халық Кеңесінің толыққанды заң шығарушы органға айналуын және кеңестің Асад кезеңіндегі терроризм сотын жою туралы заң жобасын бірауыздан мақұлдауын көрсетті.
Бұған қарамастан Сирияның қауіпсіздік мәселелерінің жалғасып жатқанына назар аударған Йылдыз: «Сирия үкіметінің ДАИШ террорлық ұйымын біржолата жеңіліске ұшырату үшін халықаралық серіктестермен бірге жұмыс істеу күш-жігерін және жаһандық коалициямен ынтымақтастық арқылы көрсеткен табандылығын құптаймыз», — деді.
Йылдыз: «ДАИШ өзінің стратегиясын жергілікті жердегі жаңа шындықтарға бейімдеп жатқанда, Сирияға бұл өсіп келе жатқан қауіпке қарсы тұра алатын күшті әрі кәсіби қауіпсіздік институттары қажет. Сондықтан бұл институттардың әлеуетін нығайту үшін халықаралық қолдаудың жалғасуы шарт», — деді.
«(Израильдің) жауапсыз әрекеттері тоқтатылуы тиіс»
Израильдің Сирияның суверенитеті мен аймақтық тұтастығын тұрақты түрде бұзуы елдегі оң өзгерістерді кедергі болатынын баса айтқан Йылдыз: «Жағдай әсіресе Сирияның оңтүстігінде алаңдаушылық тудырады. Бұл жерде жалғасып жатқан Израильдің әскери шабуылдары, экспансиялық әрекеттері мен соғыстары бақылаудан шығып барады», — деген сөзді қолданды.
Йылдыз: «Бұл жауапсыз әрекеттер тоқтатылуы тиіс. Израиль 1974 жылғы келісімге және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларына, әсіресе 497-ші қарарға толықтай бағынып, басып алынған Сирияның Голан төбелерінен шегінуі керек», — деп атап өтті.
Өз шекараларын қауіпсіздендіре алатын, аймақтық бейбітшілік пен экономикалық ынтымақтастыққа үлес қоса алатын тұрақты әрі егемен Сирияның Израильді қосқанда барлық тараптың мүддесіне қызмет ететінін тілге тиек еткен Йылдыз: «Түркия Сирияның егемендегіне, саяси бірлігіне және аймақтық тұтастығына адалдығын табанды түрде ұстанады. Тұрақты, қауіпсіз әрі гүлденген Сирия үшін аймақтық және халықаралық серіктестерімізбен жұмыс істеуді жалғастырамыз», — деді.



















