ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ ТУРИЗМ
2 ... минут оқылды
Нигерия астанасында Эбола вирусы анықталды
Нигерия үкіметі ел астанасы Абуджа орналасқан Федералдық астана аумағында (FCT) Эбола вирусы анықталғанын хабарлады.
Нигерия астанасында Эбола вирусы анықталды
Нигерия астанасында Эбола вирусы анықталды.

Нигерияның Денсаулық сақтау және әлеуметтік әл-ауқатты үйлестіру министрі Мұхаммед Пате Абуджада өткен баспасөз мәслихатында Эбола вирусын жұқтыру дерегі зертханалық талдаулар арқылы расталғанын мәлімдеді.

Патенің айтуынша, бұған дейін Шығыс Африкаға, атап айтқанда, Угандаға барған әйел 7 қазанда Нигерияға ауру белгілерімен оралған. Төрт күннен кейін ауру белгілері күшейіп, жүргізілген тексерулер оның Эбола вирусын жұқтырғанын растаған.

Министр науқастың қазір оқшауланып, ем қабылдап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ онымен байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстары басталып, әзірге 44 адам тіркелгенін айтты.

Пате Денсаулық сақтау министрлігі, Федералдық астана аумағының Денсаулық сақтау басқармасы, Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары және басқа да серіктес ұйымдар вирустың таралуын болдырмау үшін бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар елге кіру бекеттерінде эпидемиологиялық бақылау мен тексеру шаралары күшейтілгенін атап өтті.

Министр медициналық мекемелерді ықтимал жаңа жағдайларға барынша сақ болуға шақырып, тұрғындарды сабыр сақтап, сақтық шараларын ұстануға үндеді.

Пате халыққа жеке гигиена ережелерін сақтауға, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы және іш өту сияқты белгілерге назар аударуға, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарымен ынтымақтаса жұмыс істеуге кеңес берді.

Оның айтуынша, үкімет Эбола індетінің 2014 жылғы өршуіне қарсы күресте жинақталған тәжірибеге және кейінгі жылдары жетілдірілген қоғамдық денсаулық сақтау тетіктеріне сүйеніп отыр.

Министр науқаспен байланыста болған адамдардың жіті бақылауда екенін және үкімет індеттің таралуын тоқтату бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы халықты тұрақты әрі ашық хабардар етіп отыратынын мәлімдеді.