Франция президенті Эммануэль Макрон Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Катарға баруды жоспарлап отыр. Оның Парсы шығанағы елдеріне сапары Кувейттен басталды.
Кувейттің “KUNA” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Макрон Кувейт әмірі шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер әс-Сабахпен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту жолдарын талқылайды.
“KUNA” агенттігі бұл сапарды екі ел арасындағы 65 жылдық ынтымақтастық пен тарихи байланыстар тұрғысынан маңызды кезең деп бағалады.
Бұған дейін Франция президентінің әкімшілігі Макронның 19–21 қазан аралығында Кувейт, БАӘ, Бахрейн және Катарға сапарлай баратынын хабарлаған болатын. Кездесулер барысында аймақтық тұрақтылық, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігі және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударылатыны айтылды.
Бұл сапар әлемдік мұнай жеткізілімінің едәуір бөлігі өтетін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазында кеме қозғалысы бұзылып, аймақтағы шиеленіс күшейген кезеңде өтіп жатыр.
Кувейт пен Франция 1961 жылы Кувейт тәуелсіздік алғаннан кейін дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Содан бері екі ел қорғаныс, қауіпсіздік, сауда, инвестиция және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытып келеді.





















