Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер Йемендегі хоуситтерді террористік ұйым деп тануға және олардың зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын алуына мүмкіндік беретін барлық қолдауды тоқтатуға шақырды.
Бахрейн астанасы Манамада елдің сыртқы істер министрі Абдуллатиф әз-Заянидің төрағалығымен ұйымның Министрлер кеңесінің 168-ші отырысы өтті. Жиынға ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері мен Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Жасым әл-Будайви қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдемеде хоуситтерді террористік ұйым деп тану және халықаралық қауымдастықтың қауіпсіздікке, бейбітшілікке, даму мен әл-ауқатқа қатер төндіретін террористік ұйымдарға қатысты ұстанымын хоуситтерге де қолдану талап етілді.
Сондай-ақ хоуситтердің зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын алуына мүмкіндік беретін кез келген қолдауды тоқтатуға шақырды.
Жиында аймақтық мәселелер талқыланды
Отырыстың қорытынды мәлімдемесінде АҚШ пен Иран арасындағы дағдарысты шешу үшін диалог пен дипломатияға қайта оралу қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар Ормуз бұғазында кеме қатынасының қауіпсіздігі мен еркіндігін қалпына келтіру және Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі елдерін олардың қауіпсіздігі мен мүдделеріне қатысты келіссөздерге қатыстыру талап етілді.
Мәлімдемеде ұйымға мүше елдер мен Иорданияға тікелей немесе Иран қолдайтын қарулы топтар арқылы жасалған зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары айыпталды.
Сауд Арабиясымен ынтымақтастық ерекше атап өтіліп, ұйымға мүше кез келген елге жасалған шабуыл ұйымның барлық елдеріне жасалған шабуыл ретінде қарастырылатыны білдірілді.























