Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен Ыстықкөл жағалауындағы Чолпон-Ата қаласында кездесті.
Президент Жапаров тарапынан Ыстықкөл жағасындағы Чолпон-Ата қаласында орналасқан «Рух Ордо» Шыңғыс Айтматов атындағы мәдени орталығында ресми қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды.
Ресми рәсімнен кейін екі көшбасшы оңаша кездесіп, артынан Қырғызстан-Әзербайжан Мемлекетаралық кеңесінің 3-ші отырысына көшті.
Жапаров отырыста сөйлеген сөзінде экономика, инвестиция, көлік, энергетика, білім беру және басқа да салаларда екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды әлеуеттің бар екенін білдірді.
Қырғызстан мен Әзербайжан арасында «Одақтастық қатынастар туралы шартқа» қол қойылатынын айтқан Жапаров бұл Одақтастық шарты екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда маңызды кезең болатындықтан айрықша мәнге ие екенін баса айтты.
Президент Әлиев те Әзербайжанның бауырлас қырғыз халқының жетістіктеріне шын жүректен қуанышты екенін тілге тиек етіп, Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізгенін, экономикалық әлеуетінің нығайғанын және елдің халықаралық беделінің артқанын білдірді.

Әлиев Қырғызстанмен бірге жүзеге асырылып жатқан ортақ жобалардың, Қарабахтың Ағдам ауданындағы «Манас» орта мектебі құрылысының, Қырғыз-Әзербайжан инвестициялық қорының қызметінің, екі халық арасындағы мәдени алмасудың және Әзербайжанның Ыстықкөлдегі туризмді дамытуға қосқан үлесінің маңыздылығына назар аударды.
Қырғызстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастар «одақтастық деңгейіне» көтерілді
Қырғызстан-Әзербайжан Мемлекетаралық кеңесінің 3-ші отырысынан кейін Ыстықкөл жағалауындағы «Рух Ордо» Шыңғыс Айтматов атындағы мәдени орталығында Қырғызстан мен Әзербайжан көшбасшылары мен үкімет мүшелері арасында қол қою рәсімі өтті.
Жапаров пен Әлиев Қырғызстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастарды одақтастық деңгейіне көтеруді көздейтін шартқа және Мемлекетаралық кеңестің шешіміне қол қойды.
Рәсімде екі елдің Чолпон-Ата мен Шуша, Қаракөл мен Габала және Ош пен Гәнжә қалалары «бауырлас қалалар» болды.
Сонымен қатар «Қырғыз Алтын» мен «Azer Gold» компаниялары арасында көлік, логистика, энергетика саласындағы жол картасы, жүк тасымалы, тасымалдау және кеме жасау, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу салаларында ынтымақтастық меморандумдарымен алмасу өтті.
Өзара марапаттау рәсімі
Жапаров рәсімде президент Әлиевке елдің ең жоғары мемлекеттік ордені — 1-дәрежелі «Манас» орденін табыс етті.
Әлиев те Жапаровқа Әзербайжанның ең жоғары мемлекеттік ордені — «Гейдар Әлиев» орденін тапсырды.
Көшбасшылар баспасөзге мәлімдеме жасады
Жапаров баспасөзге берген мәлімдемесінде: «Бүгінгі келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі — «Одақтастық қатынастар туралы шартқа» қол қойылуы болды», — деді.
Әлиев те Әзербайжан-Қырғыз даму қорының капиталын 200 миллион долларға дейін арттыру туралы келісімге келгендерін жеткізіп, Әзербайжан мемлекеті тарапынан Ыстықкөл жағасында салынған алғашқы бес жұлдызды қонақүйдің беташарына қатысатынын айтты.
Жапаровқа Әзербайжанның Ағдам қаласында Қырғызстан тарапынан салынған «Манас» орта мектебі үшін алғыс айтқан Әлиев екі ел арасындағы әлеуметтік және мәдени саладағы ықпалдастыққа дән риза екенін білдірді.























