Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Білім беру және дағдылар жөніндегі директоры Андреас Шляйхер Түркияның Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарламаның («PISA») 2025 жылғы көрсеткішін бүкіл әлем назар аударуы тиіс «тарихи нәтиже» деп бағалады.
Түркияның Ұлттық білім министрлігінің мәлімдеуінше, Шляйхер «PISA-2025» кезеңіндегі жетістіктеріне байланысты Түркияны құттықтап, бейнеүндеу жолдаған.
Түркиядағы мұғалімдер мен мектеп басшыларын құттықтаған Шляйхер: «ЭЫДҰ-ның «PISA» бағалауының осы соңғы кезеңінде қол жеткізген жетістіктеріңіз тек Түркия үшін ғана жақсы жаңалық емес, сонымен қатар бұл – бүкіл әлем назар аударуы тиіс жетістік», – деді.
Көптеген білім беру жүйесі қиындықтарға тап болып отырған кезеңде Түркия үш бағыттың барлығында да оқушылардың көрсеткішін жақсарта алған санаулы елдердің бірі болғанын айтқан Шляйхер 2022-2025 жылдар аралығында математика, оқу және жаратылыстану ғылымдары бойынша нәтижелердің жоғарылағанына назар аударды.
Шляйхер 2015 жылдан бері үлгерімі төмен оқушылардың үлесі де айтарлықтай азайғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл Түркияның жас ұрпақты өмір бойы білім алуға және болашақ мүмкіндіктерді пайдалануға қажетті негізгі дағдылармен қамтамасыз етуде ілгерілеу бар екенін көрсетеді.
Нәтижелердің бір ғана табысты жылдың жемісі емес екенін атап өткен Шляйхер: «Біз айтарлықтай қарқын алған мектеп жүйесін көріп отырмыз», – деді.
Шляйхер Түркияның білім беру саласындағы жетістіктеріне оң көзқараспен қарауға басқа да себептер бар екенін айтты. Оның сөзінше, елдегі әрбір он оқушының жетеуі мұғалімдерінің оқу үдерісіне жіті көңіл бөлетінін, оқушылар тақырыпты түсінгенге дейін түсіндіруді жалғастыратынын және ең қажет кезде қосымша қолдау көрсететінін жеткізген.
















