Таллин Мәскеуді жауапты деп айыптаған Эстонияның қорғаныс өнеркәсібі компаниясына қарсы диверсия жасау әрекетінен кейін елдің сыртқы істер министрі 1 желтоқсаннан бастап Ресеймен арадағы барлық шекара өткізу бекеті жабылатынын мәлімдеді.
Эстония билігі ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіретін “Threod Systems” компаниясын өртемек болды деген күдікпен түнде сегіз адамды ұстады. Ресми өкілдер бұл әрекетке Ресейдің әскери барлау қызметі – Бас барлау басқармасы (ГРУ) бұйрық бергенін мәлімдеді.
Жексенбі күні таңертең премьер-министр Кристен Михал “X” әлеуметтік желісіндегі парақшасында ГРУ сенбіге қараған түні Эстонияның “Threod Systems” қорғаныс компаниясына қарсы «диверсия жасауға» бұйрық бергенін жазды.
Михал: «Күшейтілген қауіпсіздік шаралары мен құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында ірі көлемдегі шығынның алдын алдық. Шабуыл жасаушылар ұсталды», – деді.
Мәскеу Эстонияның айыптауларына немесе шекара өткізу бекеттерін жабу туралы шешіміне қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ. Ресей Еуропа елдері өкілдерінің диверсиялық операцияларға қатысы бар деген айыптауларын үнемі жоққа шығарып келеді.
Сыртқы істер министрі Маргус Цахкна “X” әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Ресей Эстонияға қарсы дұшпандық әрекеттерінің салдары болатынын түсінуі керек. Бізді қорқытуға, тұрақсыздық орнатуға немесе қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттер жауапсыз қалмайды», – деп жазды.
Цахкна бұл шешім туралы Финляндия, Латвия және Литвадағы әріптестеріне хабарлағанын да атап өтті.
Министр шекара өткізу бекеттерін жабу шешімінің қанша уақытқа созылатыны туралы нақты мәлімет берген жоқ.
Эстонияның “ERR” қоғамдық хабар тарату ұйымының мәліметінше, НАТО мен Еуропалық одаққа мүше әрі Украинаны белсенді қолдайтын Эстонияның Ресеймен шекарасында қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер мен жүк тасымалы үшін ашық үш өткізу бекеті бар. Олар – Нарва, Лухамаа және Койдула.




















