АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Трамп әкімшілігінің Ресей-Украина соғысын аяқтауға бағытталған дипломатиялық күш-жігерін қарқындатып, АҚШ-тың 10-11 қараша күндері Абу-Дабиде Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерге аралағайлық ететінін мәлімдеді.
“X” платформасында мәлімдеме жасаған Уиткофф келіссөздердің «соғыстан кейінгі қауіпсіздік шаралары, шиеленісті бәсеңдету, гуманитарлық көмек жұмыстары және бейбітшілікке бастайтын қадамдар» төңірегінде өтетінін атап өтті. Уиткофф бұл бастаманы АҚШ президенті Дональд Трамптың қақтығыстарды тоқтату миссиясының маңызды кезеңі ретінде сипаттады.
Қауіпсіздік архитектурасы мен үдей түскен шабуылдар
Сонымен бірге Уиткофф америкалық келіссөз жүргізушілердің осы аптада Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық Одақ және НАТО өкілдерімен кездесетінін жеткізді.
Аталған консультацияларда Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері, Еуропаның болашақ қауіпсіздік архитектурасы және елді соғыстан кейін қайта қалпына келтіруге ықпал ететін экономикалық мүмкіндіктер талқыланады.
Уиткофф: «Киев, Осло және Санкт-Петербургте қол жеткізілген ілгерілеушіліктерді негізге ала отырып, болашақ ұрпақтар үшін тұрақты қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кешенді әрі ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізуді мақсат етеміз», – деді.
Жоспарланған келіссөздер Ресей мен Украинаның бір-бірінің аумағына, әсіресе энергетикалық нысандар мен маңызды инфрақұрылымдарды нысанаға алған шабуылдарын үдеткен тұсында өткелі отыр.
Украина Ресейдің өз энергетикалық инфрақұрылымына жасаған шабуылдарына жауап ретінде Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын бірнеше рет соққыға жықты.
Киев Ресей шабуылдарынан кейін жарықтың қайта өшкенін хабарласа, Мәскеу де Украинаның өнеркәсіптік нысандарына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуылдар жасалғанын мәлімдеді.



















