Франция президенті Эммануэль Макрон Башар Асад режимі 2024 жылдың желтоқсанында құлағаннан бері Дамаскіге сапарлаған алғашқы Еуропалық Одақ мемлекет басшысы ретінде Сирияға барды.
Дүйсенбі күні жүзеге асқан бұл сапар президент Ахмед Шараның басқаруындағы Сирияның геосаяси трансформациясын айқын көрсетеді.
Макрон Дамаскіге келгеннен кейін өзінің “X” парақшасында: «Мен бұл жерде Францияның Сирия халқына деген қолдауын растау үшін жүрмін. Егемен, әртүрлілігімен біріккен және көршілерімен бейбіт қарым-қатынастағы Сирия үшін. Тұрақтылық пен бейбітшілік жолында бірге жаңа парақ ашайық», — деген жазба қалдырды.
Сирияның “SANA” мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Макронды Дамаск әуежайында Сирия Сыртқы істер министрі Асад Хасан Шейбани қарсы алған.
Сирияны қайта түлету мәселесі сапардың басты күн тәртібінің бірі болады. Франция президенттік әкімшілігінің өкілдерінің бірі сапар алдында журналистерге берген сұхбатында Макронға іскерлер, соның ішінде «TotalEnergies» және француздық «CMA CGM» контейнерлік тасымалдау тобының басшылары серік болып баратынын айтқан болатын.
Шара дүйсенбі күні кешке француздық «BFMTV» телеарнасы эфирінен көрсетілген сұхбатында: «Макрон Сирияда бізбен байланыс орнатуға тырысты және өтпелі кезеңнің әрбір қадамын, әрбір кезеңін жіті қадағалады», — деді.
Шара Асадты биліктен тайдырғаннан кейін Еуропа еліне жасаған алғашқы сапары аясында өткен жылы Францияда Макронмен кездескен еді.
Франция президенті Сирия экономикасына ауыр соққы болып тиген батыс санкцияларын алып тастау туралы бастама көтерген басты тұлғалардың бірі болды. Аталған санкциялардың басым бөлігі өткен жылы жойылған болатын.
Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен қаңтар айында Дамаскіге сапармен келсе, Украина президенті Владимир Зеленский де сәуір айында Сирияға жасаған сапары барысында Шарамен кездескен еді.

















