ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
1 ... минут оқылды
Францияда әскери ұшақ апатқа ұшырады
Францияның Мёрт-э-Мозель аймағында “Mirage 2000D” үлгісіндегі әскери ұшақ апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты.
Францияда әскери ұшақ апатқа ұшырады
(МҰРАҒАТТЫҚ СУРЕТ) Францияда "Mirage 2000D" үлгісіндегі әскери ұшақ құлады.

Франция Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға кеше жергілікті уақыт бойынша сағат 22:40-та елдің солтүстік-шығысындағы Мёрт-э-Мозель аймағына қарасты Рожевиль елді мекенінде болған. Апатқа Францияның Әуе және ғарыш күштеріне тиесілі “Mirage 2000D” жойғыш ұшағы ұшыраған.

Министрлік ұшақтың Нанси-Оше 133 әскери әуе базасында орналасқан жойғыш авиация эскадрильясының құрамында болғанын және әскери тапсырмадан қайтып келе жатқанда апатқа ұшырағанын хабарлады.

Ұшақ бортында екі адам — ұшқыш пен қару-жарақ жүйелеріне жауапты офицер болған. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бір адамның мәйіті табылды.

Сондай-ақ апаттың себептерін анықтау үшін сот тергеуі мен ұшу қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланды.