Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері Джаред Кушнер және Стив Уиткоффпен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.
Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында Кушнер және Уиткоффпен телефон арқылы Ресей мен Украина арасындағы соғысты талқылағанын мәлімдеді.
Келіссөздің бір жарым сағатқа созылғанын айтқан Зеленский: «Украина, АҚШ және Ресей делегацияларының қатысуымен үшжақты кездесу өткізуге дайындалып жатырмыз. Кездесуге бір аптадан аз уақыт қалды», – деді.
Зеленский 2022 жылдың ақпанынан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтату және Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселелері бойынша Бельгия астанасы Брюссельде де келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті.
«Бұл соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтау үшін келіссөздерді барынша қарқынды жүргізу қажет. Украина қажетті шараларды қабылдауға дайын. Біздің ұсыныстарымыз нақты және оларды АҚШ тарапына жеткіздік», - деді президент.




















