Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігі Украинаның Одесса портынан Түркияға бет алған түрік құрғақ жүк кемесіне ұшқышсыз ұшу аппаратымен шабуыл жасалғанын, оқиға салдарынан екі түрік азаматының жеңіл жарақат алғанын хабарлады.
Қаратеңізде Украинаның Одесса портынан Түркияға бағыт алған түрік иелігіндегі құрғақ жүк кемесіне ұшқышсыз ұшу аппаратымен шабуыл жасалды.
Министрліктің жазбаша мәлімдемесінде Вануату туы астында жүзетін кеменің 28 мамырға қараған түні шабуылға ұшырағаны айтылып, былай делінді:
«Экипаж құрамындағы екі азаматымыздың жеңіл жарақат алғаны белгілі болды. Кемеде қызмет атқарып жүрген азаматтарымыздың жағдайын Одессадағы Бас консулдығымыздың жіті бақылауында ».
«Бақылаусыз шиеленіске жол бермеу қажет»
Мәлімдемеде соңғы уақытта Қаратеңізде байқалып отырған соғысқа байланысты шиеленістің өңір үшін төндіріп отырған қауіпіне назар аударылды.
Сондай-ақ Түркияға ықтимал теріс әсерлер жөніндегі ескертулердің барлық мүдделі тараптарға жеткізілгені хабарланды.
Мәлімдемеде соғыстың бақылаусыз түрде ушығуына алып келуі мүмкін қадамдардан аулақ болу қажет екені айтылып,
«Қаратеңіздегі азаматтық кемелердің теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және соғысты келіссөздер жолымен аяқтау жөніндегі ұстанымымыз өзгеріссіз қалады. Шиеленістің ушығуының алдын алу және бейбіт реттеу үдерісін жеделдету мақсатында өңірлік тиесілікке негізделген әрі нәтижеге бағытталған бастамаларды әзірлеуге дайын екенімізді тағы бір мәрте тиісті тараптарға еске саламыз» - делінді.




















