АҚШ президенті Дональд Трамп елінің Израильге бөлетін 4 миллиард долларлық қаржылай көмегін тоқтататынын мәлімдеді.
«Fox News» телеарнасына берген сұхбатында Трамп Израильге көрсетілетін 4 миллиард долларлық көмекке қатысты: «Бұдан былай Израильге қаржылай көмек көрсетпейміз», – деді.
Оның айтуынша, Израильге берілетін көмекті жыл соңына дейін тоқтату жөнінде келісім жасалған. Алайда қажет болған жағдайда АҚШ Израильге қолдау көрсетуін жалғастырады.
Трамп бұл мәселені Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың өзі көтергенін айтты. Сондай-ақ Израильдің дамыған мемлекет екенін және мұндай қаржылай көмекке мұқтаж емес екенін атап өтті.
Аралық сайлаудан кейін Иранға қатысты қандай шаралар қабылданатыны туралы сұраққа Трамп: «Менің мақсатым – көп адамның өмірін қию емес. Бірақ мәжбүр болсақ, мұндай қадамға баруға тура келеді. Дегенмен біздің көздегеніміз бұл емес», – деп жауап берді.
АҚШ президенті сондай-ақ: «Егер америкалықтар менен жалықса, Израильге көшіп барып, сол елдің премьер-министрі бола аламын», – деді.
Трамп Израиль халқының 99 пайызы өзін қолдайтынын алға тартып, мұндай жоғары қолдау деңгейіне кез келген саясаткердің қол жеткізе алмайтынын айтты.





















