Украина президенті Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында Ресейдегі нысандарға әуе шабуылдарын жалғастырып жатқанын хабарлады.
Оның айтуынша, Ресейдің Ярославль облысындағы мұнай нысанына шабуыл жасалған. Бұл нысан Украина шекарасынан шамамен 700 шақырым қашықтықта орналасқан.
Зеленский сондай-ақ Ресейдің Тула облысындағы «Азот» химия зауытына соққы жасалғанын айтып, аталған кәсіпорынның жарылғыш заттар өндіруде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Украина Президенті: «Кеше кешкі уақыттан бері Ресейдегі 6 әуежайда әуе қозғалысына шектеу енгізілді және елдің 28 өңірінде әуе дабылы жарияланды», – деді.
Зеленский Ресей басып алған Украина аумақтарындағы Ресей армиясының инфрақұрылымдық нысандарына да шабуыл жасалғанын айтып, былай деді:
«Біз Ресей басшылығына келіссөз жүргізудің барлық ықтимал форматын ұсындық. Алайда жауап ретінде тек шабуылдардың жалғасуы мен оларды кеңейту әрекеттерін көрдік. Соғыстың шыққан жеріне қайта оралуы қисынды. Украинаға бейбітшілік қажет».
Зеленский Ресей армиясының да Украинаға қарсы әуе шабуылдарын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Оның мәліметінше, Ресей соңғы бір апта ішінде Украинаға 1920 қарулы ұшқышсыз ұшу аппаратын, 1790 басқарылатын авиабомба мен 17 зымыранмен соққы берген.
«Біз Ресейдің осы террорына қарсы қорғанысымызды күшейту үшін одақтастарымызбен келіссөз жүргізуге дайындалып жатырмыз», – деді Зеленский.
Сонымен қатар Украина президенті Ресей аумағына жасалған шабуылдардың бейнекадрларын жариялады.





















