Ресей құрамындағы Татарстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Әлмир Абашев әлеуметтік желідегі парақшасында Украина қарулы күштерінің Татарстанға дрон шабуылын жасағанын мәлімдеді.
Абашевтің айтуынша, дрондардың бірі Нижнекамск қаласындағы тұрғын үйлердің біріне түскен.
«Шабуыл салдарынан 4 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде», – деді ол.
Татарстан басшысы Рустам Минниханов та әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде дрон шабуылы кезінде Закамье өңіріндегі кәсіпорындардың зақымданғанын хабарлады.
Минниханов оқиға орнында тиісті жұмыстардың жалғасып жатқанын айтып, «Кәсіпорындардағы өндіріс процесі тоқтатылған жоқ», – деді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, түн ішінде Украинаға тиесілі 231 ұшқышсыз ұшу аппараты Мәскеуді қоса алғанда түрлі өңірлерде және Азов теңізі үстінде жойылған.


















