Халықаралық “Oxfam” гуманитарлық ұйымының БҰҰ деректеріне сүйенген жаңа есебіне сәйкес, 2023 жылдан 2025 жылдың соңына дейін басып алынған Батыс Шерияда қаза тапқан палестиналықтардың саны соңғы 17 жылдағы көрсеткіштен асып түскен.
Есепте БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының (OCHA) деректеріне сілтеме жасалып, аталған үш жылдық кезеңде Батыс Шерияда 1 244 палестиналықтың қаза тапқаны айтылған.
Ал 2006–2022 жылдар аралығында 1 036 палестиналық көз жұмған. “Oxfam” бұл жағдайды өңірдегі зорлық-зомбылықтың күрт күшеюінің көрсеткіші ретінде бағалайды.
“Oxfam” мәліметінше, Израильдің әскери операциялары, үйлерді бұзу әрекеттері, зорлық-зомбылық және шектеу салдарынан соңғы үш жылда Батыс Шерияда шамамен 46 мың палестиналық өз үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл алдыңғы 14 жылда тіркелген көрсеткіштен үш есе жоғары.
Ұйым сондай-ақ қозғалыс еркіндігіне қойылған шектеулердің айтарлықтай көбейгенін атап өтті. Қазіргі уақытта бүкіл өңірде қатынасты шектейтін 925 кедергі нысаны бар.
“Oxfam” ұйымының гуманитарлық саясат жөніндегі жетекшісі Бушра Халиди жағдайды «қайғылы әрі қорқынышты» деп сипаттады.
Оның айтуынша, әлемдік қауымдастықтың назары негізінен Газадағы жағдайға аударылғанымен, Батыс Шериядағы зорлық-зомбылық та барған сайын күшейіп келеді.
Есепте сондай-ақ 2026 жылдың алғашқы үш айының өзінде заңсыз израильдік қоныстанушылар жасаған 540-тан астам шабуыл тіркелгені және адам шығыны мен мәжбүрлі қоныс аудару оқиғаларының жалғасып жатқаны айтылған.



















