Жоспарға сәйкес, АҚШ Еуропадағы «F-16» және «F-15E» жойғыш ұшақтарының санын шамамен 150-ден 100-ге дейін қысқартуды көздеп отыр.
Сондай-ақ теңіз патрульдік ұшақтарының саны 26-дан 15-ке дейін азайтылып, бұған дейін Еуропаға бөлінген сегіз жанармай құю ұшағының барлығы кері қайтарылады.
Бұдан бөлек зымыран ұшыруға қабілетті сүңгуір қайық, бір әуе тасымалдаушы кеме және онымен бірге әрекет ететін көптеген әскери кеме мен ұшақты басқа аймақтарға қайта орналастыру жоспарланып отыр.
Еуропа қорғанысына жұмылдырылған екі стратегиялық бомбалаушы ұшақ тобының бірін басқа өңірге ауыстыру қарастырылуда.
АҚШ бұған дейін қайта құрылымдау туралы мәлімдеген болатын
НАТО мен АҚШ бұл мәселеге қатысты сауалдарға әзірге жауап берген жоқ. Алайда АҚШ-тың Еуропалық қолбасшылығы өткен аптада НАТО күштеріне қосатын үлесін қайта қарастыратынын мәлімдеген болатын.
Мамыр айында жарияланған ақпаратта АҚШ-тың дағдарыс жағдайында одақтастарына ұсынатын әскери мүмкіндіктер көлемін қысқартуды жоспарлап отырғаны айтылған еді.
Трамп әкімшілігі «Еуропа елдері қорғаныс саласына жеткілікті қаржы бөлмейді және АҚШ-тың әскери қорғанысына үлкен сенім артады» деп жиі сынға алып келеді.
Вашингтон Еуропа мен Азиядағы одақтастарын қорғаныс шығындарын жалпы ішкі өнімнің 3,5 пайызына дейін арттыруға шақырды.


















