Дүйсенбі күні Пәкістанның солтүстік-батысында болған жарылыстан кемінде үш адам көз жұмып, төрт адам жараланды.
Шабуыл Ауғанстан шекарасына жақын орналасқан Оңтүстік Вазиристан аймағының әкімшілік орталығы Вана қаласындағы базарда болған. Жарылғыш зат қолдан жасалған.
Өңірлік полиция басшысы Мұхаммед Тахир журналистерге берген мәлімдемесінде жарылыс салдарынан қаза тапқандардың арасында Ахмедзай қауымының жетекшісі болғанын және оның көлігінің нысанаға алынғанын айтты.
Ахмедзай қауымы өңірдегі жергілікті халықтың 60 пайыздан астамын құрайды.
Әзірге бұл шабуылды ешбір ұйым өз мойнына алған жоқ.
Тұрақсыз жағдайдағы Оңтүстік Вазиристан Техрик-и-Талибан Пәкістан ұйымының негізі қаланған аймақ ретінде белгілі.















