Сауд Арабиясының Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Бандар әл-Хурайеф Түркиямен қарым-қатынастардың стратегиялық екенін атап өтіп, өнеркәсіп пен тау-кен салаларындағы ынтымақтастықтың кеңейіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол қазіргі қиындықтарға қарамастан, өңірдің бұрынғыдан да мықты дамитынын айтты.
Өнеркәсіптегі бастамалар өз жемісін бере бастады
Әл-Хурайеф Сауд Арабиясының өнеркәсіп секторына ұзақ жылдар бойы салған инвестициялары, әсіресе мұнайдан тыс экспортта өз нәтижесін бере бастағанын айтты. «Көрсеткіштер атқарылған жұмыстардың нақты нәтиже беріп жатқанын аңғартады», – деді ол.
Ресми деректерге сәйкес, Сауд Арабиясының мұнайдан тыс экспорты 2025 жылы жылдық есепте 15 пайызға өсіп, 166,4 миллиард долларға жетті.
Тау-кен саласы әлемнің назарында
Әл-Хурайеф тау-кен саласын Сауд Арабиясы экономикасында ең көп өзгеріске ұшырап жатқан бағыттардың бірі ретінде сипаттап, бұл саланың шектеулі инвестициялар деңгейінен жаһандық бәсекеге қабілетті модельге айналғанын айтты.
«Ресурстар жеткіліксіз. Ең маңыздысы – сол ресурстарды өнеркәсіптік өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін орта», – деді ол.
Бандар әл-Хурайеф Стамбулда Анадолы агенттігіне берген сұхбатында жалғасып жатқан шиеленістер әлем елдерінің логистикаға, жеткізу тізбектеріне және өнеркәсіптік дамуға деген көзқарасын қайта қалыптастырып жатқанына тоқталды.
Түркиямен ынтымақтастық артып келеді
Әл-Хурайеф Түркияның әртараптандырылған өнеркәсіптік инфрақұрылымы Сауд Арабиясының индустриялық стратегиясында көзделген салалармен тығыз үйлесетінін айтып, бұл ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
«Қазіргі таңда әлемде минералдарға сұраныс артып келеді. Шикізатпен қамтамасыз етуді өндіріс немесе аралық өнеркәсіп арқылы нығайту үшін елдер арасында ынтымақтастық қажет», – деді ол.
Әл-Хурайеф соңғы кезеңдегі қақтығыстар әлем елдерін логистика мен көлік шешімдерін қайта қарауға итермелегенін атап өтіп, Сауд Арабиясын Иордания және Сирия арқылы Түркиямен байланыстыру жоспарланған теміржол желісі өңірлік саудадағы тар өткелдерді еңсерудің ықтимал жолы болуы мүмкін екенін айтты.
«Тасымал жүйесі Сауд Арабиясы экспортының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда басты рөл атқарады», – деген әл-Хурайеф сауданы оңтайландыру мен шикізатқа қол жеткізуді жақсартуға бағытталған жобалар алдағы уақытта да негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
Жұмыспен қамту мен болашақ дағдыларға басымдық
Әл-Хурайеф экономикалық реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту және азаматтар үшін жұмыс орындарын ашу екенін айтты.
Ол өнеркәсіпке озық технологияларды енгізу және бұл саланы жас буын үшін тартымды ету бағытындағы жұмыстарға назар аударды.















