Сәрсенбі күні Түркия құрлықаралық сауда жолдарын күшейтуді көздейтін Стамбулдың Солтүстік теміржол өткелі жобасы үшін Дүниежүзілік банкпен 1,67 миллиард еуро (шамамен 1,9 миллиард доллар) көлемінде қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.
Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің Вашингтондағы жиынында Түркияның Қазына және қаржы министрі Мехмет Шимшек пен Дүниежүзілік банктің операциялар жөніндегі директоры Анна Бьерде келісімге қол қойды.
Шимшек бұл келісімнің Дүниежүзілік банк бекіткен үшінші ірі жоба екенін, жобаның жалпы қаржыландыру көлемі 8,1 миллиард долларды құрайтынын және оның шамамен 83 пайызы халықаралық ұйымдар тарапынан қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
«Бұл серіктестік қаржыландыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, стандарттарды нығайтады әрі жаһандық нарыққа сенім береді», – деді министр.
Бұл жоба Стамбулды айналып өтіп, Явуз Сұлтан Селим көпірі арқылы Босфор бұғазынан өтетін ұзындығы 127 шақырымдық теміржол желісінің құрылысын қамтиды. Сондай-ақ жүк және жолаушы тасымалының сыйымдылығын арттыруды, логистикалық шығындарды азайтуды, Стамбулдың екі әуежайын бір-бірімен және ұлттық теміржол желісімен байланыстыруды, ұлттық және құрлықаралық көлік дәліздерін дамытуды көздейді.
Жоба іске қосылғаннан кейін бұғаз арқылы жыл сайынғы теміржол жүк тасымалы 3 миллион тоннадан 50 миллион тоннаға дейін ұлғаймақ.
Шимшек бұл жоба Пекин мен Лондонды жалғайтынын, транзит мерзімі небәрі 18 күнді құрайтынын, Орта дәліздегі ең маңызды мәселелердің бірін жоятынын атап өтті.
Сонымен қатар ол бұл жобаның жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, 400 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын маңызды жоба екенін жеткізді.
Бьерде бұл келісім Түркияның Еуропа, Азия және Таяу Шығыспен байланысын нығайтып, аймақтық және жаһандық сауданы арттыратынын жеткізді.
Оның айтуынша, бұл бастама өндіріс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларына да үлкен әсер етеді.
Соңғы жиырма жылда Түркияның көлік инфрақұрылымына 355 миллиард доллар инвестиция тартылған. Оның 180 миллиард доллары автожол жобаларына, ал бір бөлігі әуежай желісін кеңейтуге бағытталған.
Түркияда теміржол негізгі даму бағытына айналып отыр, ал Дүниежүзілік банк бұл үдерісте маңызды рөл атқаруда.

















