Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясы (IFRC) Түркиядан жеткізілген алғашқы трансшекаралық медициналық жүк жөнелтілімінен кейін Иранға қосымша көмек жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Женевада журналистерге сұқбат берген «IFRC» өкілі Томмазо Делла Лонга жүк көліктерінің жұма күні Анкарадан шығып, жексенбі күні Иранға жеткенін және бұл қақтығыс басталғалы бергі алғашқы трансшекаралық медициналық жеткізілімдердің бірі екенін атап өтті.
Түрік Қызыл Жарты Айымен үйлестіру арқылы жеткізілген бұл жүктің ішінде төтенше жағдайларда көмек көрсетуге арналған озық травматологиялық жиынтықтар бар.
Делла Лонга Иранға бағытталған гуманитарлық жеткізу желілерінің айтарлықтай бұзылғанын, салдарынан көмек ұйымдарының жүктерді Түркияның шығысынан құрлық арқылы тасымалдауға мәжбүр болғанын айтты.
«Алғашқы жеткізіліммен шектелмей, бұл Иранға қосымша көмектің жетуіне бастау болады деп үміттенеміз», – деді ол.
«Алдағы жөнелтілімдерге қатысты жоспарларымыз бар. Сондықтан бұл бағыт маңызды гуманитарлық дәлізге айналуы мүмкін. Себебі келесі қадам қандай болатынын және жеткізу арналарының нақты қашан ашылатынын білмейміз», – деп қосты өкіл.
Делла Лонга бұл операцияны «Иран Қызыл Жарты Айының адам өмірін құтқаруға бағытталған қызметін қолдаудағы маңызды алғашқы қадам» деп бағалады.
Сондай-ақ ол әсіресе медицина мен психологиялық қолдау салаларында үлкен қажеттілік бар екенін, Федерацияның жалғасып жатқан қақтығыстардан зардап шеккен 5 миллион халыққа көмек көрсету үшін шұғыл қаржылық үндеу көлемін 153 миллион доллардан асырғанын, алайда қаржыландыруда әлі де үлкен тапшылық бар екенін ескертті.
Өткен апта Түрік Қызыл Жарты Айы Иран Қызыл Жарты Айының сұранысы бойынша 48 тонна гуманитарлық көмек тиелген төрт көлік жіберген еді.













