Түркия Қарулы Күштері мен Сирия армиясының ынтымақтастығымен жүзеге асырылған, Сириядағы Евфрат өзенінің екі жағалауын бір-бірімен жалғайтын қалқымалы көпірдің құрылысы аяқталды.
Түркияның Дамаскідегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Нух Йылмаз “X” әлеуметтік желісіндегі парақшасында жасаған хабарламасында Сириядағы Евфрат өзенінде орналасқан көпірдің 30 тамыз Жеңіс мерекесі күні аяқталғанын мәлімдеді.
Елші Йылмаз Түрік Қарулы күштері мен Сирия армиясы бірігіп салған бұл көпірдің су тасқыны кезінде қираған ескі көпірдің орнына тұрғызылғанын атап өтті.
Йылмаз: «Түрік және Сирия қарулы күштері бейбіт күнде де болашақты бірге құруда», — деді.
Сирия Қорғаныс министрі Мурхаф Абу Касра да “X” желісіндегі хабарламасында көпірдің Дейр-эз-Зордағы халықтың қатынас ауыртпалығын жеңілдету мақсатында салынғанын хабарлады.
Абу Касра: «Елдеріміз арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтудағы қарқынды күш-жігері үшін бауырым, Түркияның Қорғаныс министрі армия генералы Яшар Гүлерге шын жүректен алғысымды білдіремін», — деген сөздерді жазды.























