Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екі апта бұрын қабылданған бітімге қарамастан, Израильдің елдің оңтүстігіне жасаған шабуылдарынан кемінде 11 адам қаза тапқан. Араларында бес әйел мен екі бала бар. Сондай-ақ 24 адам жараланған.
Бейсенбі күнгі шабуылдар президент Жозеф Аун атысты тоқтатуға қарамастан оңтүстікте жалғасып жатқан Израиль соққыларын айыптағаннан кейін жасалды.
Ливанның мемлекеттік ақпарат құралдары да бейсенбі күні елдің оңтүстігіне бірнеше әуе соққысы жасалғанын хабарлады. Таңертең Израиль армиясының өкілі жоспарланған әскери операция алдында оңтүстіктегі сегіз ауылды эвакуациялауға шақырған.
Израиль 17 сәуірде бітім күшіне енгеннен кейін көп ұзамай шекара бойындағы шамамен 10 шақырымдық Ливан аумағын «Сары сызық» деп жариялады. Бұл аймақта әскери операциялар мен қирату әрекеттері жалғасуда.
Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясының делегациясымен кездескен Аун Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі заңбұзушылықтарын қатаң айыптады.
«Израильді халықаралық құқық пен келісімдерді сақтауға, сондай-ақ бейбіт тұрғындарды, медицина қызметкерлерін, азаматтық қорғаныс күштерін және гуманитарлық ұйымдарды нысанаға алуды тоқтатуға мәжбүрлеу үшін қысым күшейтілуі тиіс», – деді ол.
Аун Израиль шабуылдары кезінде қаза тапқан үш медицина қызметкерінің жерлеу рәсімінде сөз сөйлеп, осы уақытқа дейін кемінде 17 медицина қызметкері мен журналистің қаза тапқанын мәлімдеді.
Ливандық тұтқындармен байланыс жоқ
Аун Израиль түрмелерінде отырған ливандық тұтқындардың тағдырын анықтау үшін көмек көрсетуге шақырып, Израильдің Халықаралық Қызыл Крест комитеті өкілдеріне тұтқындармен байланысуға рұқсат бермей отырғанын айтты.
Ресми деректерге сәйкес, 2 наурыздан бері Израильдің Ливанға жасаған шабуылдары салдарынан кемінде 2 534 адам қаза тауып, 7 863 адам жараланған. 1,6 миллионнан астам халық өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.












