Иран армиясы АҚШ-тың шабуылдарына жауап ретінде Кувейт пен Бахрейндегі америкалық әскери базалар мен нысандарға камикадзе-дрондармен шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Иран армиясының жазбаша мәлімдемесінде: «"Найзағай" операциясының оныншы кезеңі аясында бірнеше сағат бұрын Иран армиясы Кувейт пен Бахрейндегі террорлық АҚШ армиясының радарлары мен әуе қорғаныс жүйелерін жойқын ұшқышсыз ұшу аппараттарымен нысанаға алды», – делінген.
Мәлімдемеге сәйкес, шабуыл барысында Кувейттегі Әли әс-Салем әскери базасында орналасқан АҚШ армиясының радар жүйелері, “Patriot” әуе қорғаныс кешендері және жанармай қоймалары нысанаға алынған.
Сондай-ақ Бахрейндегі Шейх Иса әскери базасындағы “Super Hawk” радарлары, “Patriot” жүйелері және байланыс пен радиолокация инфрақұрылымы дрон шабуылдарына ұшырағаны хабарланды.
Иран тарапының мәліметінше, АҚШ әскери авиациясына қолдау көрсететін бөлімшелер орналасқан бұл базаға Иран армиясы мен Ислам революциясы сақшылар корпусы жасаған дрон және зымыран шабуылдары салдарынан үлкен зақым келген.





















