«Ұлттық бірлестік» партиясының өкілі Марин Ле Пен мен Украинаның Франциядағы елшісі Вадим Омельченко кеше Парижде кездесті.
Ле Пен кездесуде «Францияның мемлекеттік қаржы жүйесінің қазіргі ахуалы алдағы айларда Украинаға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндік бермейтінін» қайталады.
Сонымен қатар елінің Еуропалық Одақ (ЕО) аясында Киевке 90 миллиард еуро несие беру жөніндегі міндеттемелеріне адал болып қалатынына сендірген Ле Пен елші Омельченкоға «гуманитарлық көмек және неғұрлым белсенді дипломатия арқылы Украинаны қолдауды жалғастыратындарына» уәде берді.
ЕО Венгрияның қарсылығына байланысты біршама уақыт тоқтап тұрған Украинаға 90 миллиард еуро несие бөлу пакетін сәуір айында мақұлдаған болатын.
Мемлекеттік қарыз салдарынан қиын жағдайға тап болған Францияда Украинаға көрсетілетін қаржылай көмек мәселесі алдағы 2027 жылғы сайлау қарсаңында президенттікке үміткерлердің күн тәртібіне шығып отыр. Сайлау бәсекесінің көшбасшыларының бірі Ле Пен үгіт-насихат науқаны барысында бұл көмекті қысқартатынын жиі мәлімдеп келеді.
Елде келесі жылы өтетін сайлауда екі мерзім қатарынан қызмет атқарған президент Эммануэль Макрон қайтадан үміткер бола алмайды.






















