САЯСАТ
2 ... минут оқылды
«Нетаньяху ешбір салада жеңіске жетуді білмейді»
Нафтали Беннет Газа, Ливан және Иранға қарсы соғыстарды жалғастырып жатқан Израиль басшылығын сынға алды.
«Нетаньяху ешбір салада  жеңіске жетуді білмейді»
«Нетаньяху ешбір салада жеңіске жетуді білмейді» / AP
12 сағат бұрын

Израильдік баспасөздің хабарлауынша, Израильдің бұрынғы премьер-министрлерінің бірі Нафтали Беннет қазіргі үкімет басшысы Беньямин Нетаньяхудың «ешбір салада қалай жеңіске жетуді білмейтінін» айтып, Газа, Ливан және Ирандағы соғыстарды жүргізу әдісін айыптады.

Бейсенбі күні «12-ші арнаға» берген сұхбатында Беннет лидерлерді саяси мүдделерді қауіпсіздік қажеттіліктерінен жоғары қойды деп айыптап, «Қазіргі үкіметтің саяси басшылығы армияның бірнеше майданда жеңіске жету қабілетіне кедергі келтіріп отыр», — деді.

Армияның шамамен 20 000 сарбаз тапшылығына тап болғанын айтқан Беннет ультраортодоксалды еврейлерді әскерге алу бұл олқылықтың орнын толтыруға көмектесетінін, бірақ «үкімет саяси себептерге байланысты бұл қадамнан қашқақтап отырғанын» алға тартты. Ол: «Израильдегі қазіргі басшылық ешбір салада қалай жеңіске жетуді білмейді», — деп қосты.

Армия ішкі дағдарысқа бет алды

Израильдің «Haaretz» газеті әскери өкіл Эффи Дефриннің сөзіне сілтеме жасап, бірнеше майданда кеңейген шабуылдар мен ультраортодокстарға қатысты әскери қызмет туралы заңның жоқтығынан армияда 15 000-ға жуық сарбаз жетіспейтінін хабарлады.

Дефрин армияның Ливан, Газа, басып алынған Батыс Шерия мен Сириядағы бөлімшелерін күшейтуі керектігін айтты. Бас штаб бастығы Эяль Замир армияның дайындық деңгейіне қатысты анализ ұсынуы керек екенін айтқан Дефрин ультраортодоксалды еврейлерді әскерге алуды міндеттейтін заң шығару қажеттігін баса айтты.

«Yedioth Ahronoth» газеті де Замирдің операциялық жүктің артуы мен әскерге шақыруды реттейтін заңнаманың жоқтығынан армияның ішкі дағдарысқа қарай бет алғанын ескерткенін жазды. Ұсынылып отырған заң соғыс кезіндегі адам күшінің жетіспеушілігін жою үшін діни қауымдастықтарға кезең-кезеңімен әскери квоталар енгізуді және одан бас тартқандарға қаржылық әрі қылмыстық санкциялар қолдануды көздейді, бұл шараға діни партиялар үзілді-кесілді қарсы шығып отыр.

Ауқымды шиеленіс қаупі

Бұл мәлімдемелер АҚШ пен Израильдің 28 ақпаннан бері Иранға қарсы шабуылдарын жалғастырып жатқан, аймақта кең ауқымды соғыс пен құрлықтық басқыншылық қаупі артқан тұста жасалды.

Израиль 2 наурызда Бейруттің оңтүстік аудандарына, сондай-ақ елдің оңтүстік пен шығыс аймақтарына әуе соққыларын беріп, Ливандағы әскери басқыншылығын кеңейтті және келесі күні шектеулі құрлықтық операция бастады.

Газада болса, Израиль күштері 2025 жылдың 10 қазанынан бері күшінде тұрған атысты тоқтату режимін күн сайын бұзуды жалғастыруда. Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл бұзушылықтар салдарынан 689 палестиналық қаза тауып, 1 860-ы жараланды. Аталған бітімгершілік келісімі 72 000-нан астам палестиналықтың өліміне, 172 000-нан астам адамның жаралануына себеп болған, Газаның азаматтық инфрақұрылымының 90%-ын қиратқан және қайта құру құны БҰҰ тарапынан шамамен 70 миллиард доллар деп бағаланған екі жылдық геноцидті аяқтауды мақсат еткен болатын.

Іздеу