Еуропалық Одақ Ресейдің Арменияға енгізген соңғы сауда шектеулерінен кейін елге 50 миллион еуродан астам шұғыл қаржылық қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін жазбаша мәлімдеме жасады.
Ол Ресейдің Арменияға қатысты соңғы шектеулерін талқылағандарын айтып: «Бұл – экономикалық қысым. Оны қабылдауға болмайды. Мәскеу армян өнімдерінің экспортына қойылған шектеулерді кеңейту арқылы экономикалық байланыстарды саяси қысым құралы ретінде пайдаланып отыр», – деді.
Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың Армениямен ынтымақтастығын атап өтіп, «ЕО қолдау пакетін әзірлеп жатыр. Бұл пакет 50 миллион еуродан астам шұғыл қаржылық көмекті қамтиды. Алда қосымша қолдау да болады», – деді.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін қоса алғанда, армян тауарларының саудасын жеңілдетуге бағытталған шаралар қабылданатынын және Ресейдің шектеулерінен зардап шеккен салаларға көмек көрсетілетінін хабарлады.
Түркиямен сауда бағыттарының маңызына назар аударылды
Урсула фон дер Ляйен: «Грузия мен Түркия арқылы өтетін теміржол байланысымен қатар, Түркиямен сауда жолдарының қайта ашылуы – өте маңызды әрі құптарлық қадам», – деді.
Фон дер Ляйен өңірлік көлік байланыстары қайта жанданған кезеңде инфрақұрылым мен өткізу бекеттеріне қолдау көрсетуге дайын екендерін айтты.
Сондай-ақ ол: «Осы бағыттардың барлығында тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету үшін ЕО–Армения бірлескен жұмыс тобын құруға келістік. Бұл топ аталған бастамалар мен болашақта қолға алынатын өзге де шаралардың іске асырылуын қадағалайды», – деп мәлімдеді.

















