Стамбул исламдық қаржы мәселелеріне арналған маңызды халықаралық жиынды ұйымдастыруда. Басқосуға саясаткерлер, инвесторлар мен ғалымдар қатысып, саланың жаһандық ауқымын кеңейту және Түркияның бұл бағыттағы рөлін күшейту мәселелерін талқылады.
Түркия президентінің қолдауымен және «Albaraka» саммиті аясында ұйымдастырылған 3-ші Жаһандық ислам экономикасы саммиті Стамбул қаржы орталығының «Halkbank» кеңсесінде өтіп жатыр.
Саммиттің екінші күнінде сөз сөйлеген Салим Арда Ермут Стамбулдың ұзақ мерзімді қаржылық трансформация үшін стратегиялық орталық екенін атап өтті. Ол қазіргі таңда шамамен 20 мың адам жұмыс істейтін әрі маңызды мекемелер шоғырланған Стамбул қаржы орталығының қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Стамбул қаржы орталығының әлеуеті артып келеді
Салим Арда Ермут инвестициялық рәсімдерді жеңілдету және халықаралық капиталды тарту мақсатында құрылған «Бір терезе» секілді жаңа қызметтерге назар аударды.
Саммитке қатысқан ресми тұлғалар исламдық қаржының қысқа мерзімді алыпсатарлыққа емес, өндірістік инвестицияларға, кәсіпкерлікке және қоғамдық әл-ауқатты арттыруға негізделген балама модель ұсынатынын жеткізді.
Түркия Президенті жанындағы Инвестициялар және қаржы басқармасының төрағасы Ахмет Бурак Даглыоглу Түркияның исламдық қаржы құралдарын жаһандық нарықпен ықпалдастыру мақсатында Парсы шығанағы елдерімен, Ұлыбритания, Малайзия және Индонезиямен ынтымақтастығын кеңейтіп жатқанын мәлімдеді.
Даглыоглуның айтуынша, сукук шығарылымын кеңейту, исламдық қаржы құралдарына қолжетімділікті арттыру және арнайы жұмыс тобы арқылы Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы сауда көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Ол сондай-ақ Түркиядағы жеке инвестициялық қорларды қолдауға арналған жаңа ынталандыру тетігі әзірленіп жатқанын және даму банктері мен капитал нарығын байланыстыратын цифрлық деректер платформасын құру жоспарланып отырғанын айтты.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, саммиттің мақсаты ̶ Түркияны исламдық қаржы саласындағы инновациялар мен инвестициялардың жетекші жаһандық орталықтарының біріне айналдыру.





















