БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик Ливанда Израиль шабуылдары салдарынан қоныс аударуға мәжбүр болған 1 миллионнан астам адамның шамамен 40 пайызы үйлеріне оралғанын айтты.
Халықаралық көші-қон ұйымы өкілдеріне сілтеме жасаған Дюжаррик: «Бұл ̶ қалпына келу жолындағы маңызды қадам. Алайда мыңдаған адам әлі де босқын және гуманитарлық көмекке тәуелді. Елге оралудың қауіпсіз, және лайықты түрде жүзеге асуы, сондай-ақ елге оралғаннан кейін гуманитарлық көмекке қол жеткізуі қажет екенін қайталаймыз», – деді.
Дюжаррик Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен оның серіктестері сейсенбі күні Ливанның оңтүстігіндегі шалғай аймақтарға гуманитарлық көмек жеткізгенін айтып: «Барлық мұқтаж жанға гуманитарлық көмек жеткізілу керек екенін баса айтамыз», – деді.
Израиль Ливанға қарсы шабуылын наурыз айының басында бастаған болатын. Израиль атысты тоқтату келісімі мен негіздемелік келісімге қарамастан, аймақтан шегінуден бас тартып отыр.
Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Ливанда Израиль шабуылдарынан 4 240-тан астам адам қаза тауып, 12 190 адам жараланды, ал 1 миллионнан астам адам босқынға айналды.






















