АҚШ Қорғаныс министрлігінің (Пентагон) баспасөз хатшысы Шон Парнелл армияны шығару үдерісіне қатысты жазбаша мәлімдеме жасады.
Парнелл АҚШ пен Ирактың 2024 жылғы қыркүйектегі бірлескен мәлімдемесіне және «АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне» сәйкес, АҚШ пен коалиция күштерін Ирактан шығару үдерісі аяқталғанын мәлімдеді.
Ол АҚШ-тың Ирактағы әскери операциялары кезінде аймақтағы террорлық қауіп жойылғанын алға тартты.
Парнеллдың айтуынша, Пентагон Иракқа оқу-жаттығу және барлау салаларында қолдау көрсетуді жалғастырады.
«АҚШ өз шекарасын қорғайтын, халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және екі ел арасындағы сауда, дипломатия және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге негіз болатын қуатты әрі егемен Иракты қолдайды», – деді ол.
Ирак премьер-министрі Әли әз-Зейди де АҚШ бастаған халықаралық коалицияның елдегі ДАИШ террорлық ұйымымен күрес жөніндегі миссиясы аяқталғанын мәлімдеді.
Зейди Бағдадта «Егемендік күніне» және халықаралық коалиция миссиясының аяқталуына орай өткен ресми рәсімде сөз сөйледі.
Оның айтуынша, Ирак қауіпсіздік күштерінің жылдар бойғы күш-жігерінің арқасында ел аумағында қауіпсіздік пен жағдайды бақылау қамтамасыз етілді. Зейди АҚШ бастаған халықаралық коалицияның Ирактағы ДАИШ-пен күрес миссиясы ресми түрде аяқталғанын айтып, 2026 жылғы 30 қыркүйекті «есте қалатын күн» деп атады.
Зейди халықаралық коалицияның ДАИШ-пен күрес миссиясының аяқталуы достас елдер мен халықтар арасындағы ынтымақтастықтың «экстремизм мен қатыгездіктің ең қаралы кезеңдерінің бірін жеңуге мүмкіндік бергенін» айтты.
Ол Ирак халқы мен қарулы күштердің бірлескен күресі армияны қайта құруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Зейдидің айтуынша, достас елдер осы маңызды күресте Иракқа қолдау көрсетті, ал Ирак қарулы күштері қайта жасақталып, қару-жарақ пен әскери техника жағынан нығайтылды.
Зейди халықаралық коалицияға қатысқан елдерге, сондай-ақ Ирак қауіпсіздік күштерімен бірге жұмыс істеген қолбасшыларға, офицерлерге, нұсқаушылар мен кеңесшілерге алғыс айтып, коалиция миссиясының аяқталуы терроризммен күрес аяқталды дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл – Ирак өз қауіпсіздігі мен тұрақтылығына толық жауапкершілік алатын жаңа кезеңге өту.
Ирак премьер-министрі: «Заңнан тыс қару да, мемлекеттік институттардан тыс күш те болмайды», – деді.
АҚШ 2003 жылғы наурызда Саддам Хусейн режимін құлату мақсатында Иракқа басып кірді. Ел аумағында АҚШ-тың 9 әскери базасы болғаны белгілі. АҚШ 2011 жылы Ирактан армиясын шығарғанымен, кейін бұл елдегі әскери күштерін қайта көбейтті.
Осылайша АҚШ-тың 2003 жылы Иракқа басып кіруімен басталған, 20 жылдан астам уақытқа созылған әскери кезең аяқталды. Бұл жылдар Иракқа ауқымды қирау, адам шығыны мен ауыр гуманитарлық зардап әкелді.























